Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарШоу-бизнес

Төреғали Төреәлі отбасымен бірге Түркістанға көшіп кетті

Фото: instagram.com/toregalitoreali

Танымал қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі отбасымен бірге Астанадан Түркістан қаласына қоныс аударды.

Өнер иесі бұл жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, көшудің өзі үшін жай ғана мекен ауыстыру емес, саналы әрі жүрекпен қабылданған шешім екенін айтты.

«Біз Түркістанға көшіп келдік. Бұл – жай ғана мекен ауыстыру емес. Бұл – жүрекпен қабылданған шешім. Түркістан – тарихтың үнін сақтаған, уақыттың тынысын сездірген, рухтың тамыры тереңге кеткен қасиетті шаһар. Бұл қалада үнсіздік те мағыналы. Бұл жерде әрбір көше, әрбір тас – шежіре. Өткен мен болашақ бір-біріне қарсы тұрмайды, керісінше, бірін-бірі толықтырып, жалғастырып тұрады», – деп жазды әнші.

Оның айтуынша, Түркістанды таңдау – саналы шешім. Әнші бұл қаланың түркі әлемінің рухани астанасы ретінде үлкен болашағы бар екеніне сенетінін жеткізді.

«Біз бұл қаланы саналы түрде таңдадық. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған осы мекеннің болашағына сенеміз. Түркістан киелі орталық қана емес, ол – жаңғырудың, жаңарудың, жасампаздықтың кеңістігі», – деді ол.

Төреғали Төреәлі мұндай шешім қабылдауына балалары себеп болғанын да жасырмады. Оның сөзінше, ол балалардың өз тамырын сезініп өскенін қалайды.

«Отбасымызбен осында қоныстандық. Балаларымыз тамырын сезініп өссін деп. Жасаған ісіміздің мағынасы терең болсын деп. Тек жобалар емес, із қалдыратын істер атқару үшін», – деп жазды әнші.

Сонымен қатар өнер иесі Түркістанға еңбек етуге, қаламен бірге дамып, жаңа тарих жазуға келгенін айтты.

«Киелі мекеннің келешегі – оның бүгінгі қадамына байланысты. Ал біз сол қадамның нық, саналы, батыл болғанын қалаймыз. Түркістан – тек өткеннің мұрасы емес. Ол – болашақтың уәдесі», – деп түйіндеді ол.

Сәйкес жаңалықтар

Тоқаев Сербия президентіне Алматының әйгілі апортын сыйға тартты

bairakkz

Қазақстанда несие алу қиындайды: банктер табысы жететіндерге ғана қарыз береді

bairakkz

Қазақстан жеңіл атлетика құрамасы жабық кешендегі Азия чемпионатына дайындалып жатыр

Ришат