2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентіне (КБК) шекті мән енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдеді.
Жаңа талапқа сәйкес, банктер енді несие беру кезінде азаматтың барлық қарыздары мен табысын есепке алады. Егер жалпы берешек көлемі белгіленген шектен асып кетсе, қарыз алушыға жаңа несие берілмеуі мүмкін.
Ұлттық банк мәліметінше, КБК қарыз алушының барлық өтелмеген қарыздары мен жоспарланып отырған жаңа қарызының оның жылдық табысына қатынасын көрсетеді.
«КБК реттеушілік практикаға 2024 жылғы тамызда енгізіліп, қазірге дейін мониторингтік кезеңде қолданылып келеді. Көрсеткіш қарыз алушының өтелмеген барлық қарызы мен микрокредиті, оның ішінде жоспарланып отырған жаңа қарыз бойынша жиынтық берешегінің оның жылдық кірісіне қатынасын білдіреді. Аталған құрал қарыз алушының өз міндеттемелеріне уақытылы қызмет көрсету қабілетін бағалауға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Жоспарға сәйкес, қарыз алушының жалпы берешегі оның жылдық табысының 8 есесінен аспауы тиіс.
Мәселен, егер азаматтың айлық табысы 250 мың теңге болса, жылдық кірісі 3 млн теңгені құрайды. Бұл жағдайда оның барлық қарызының жиынтық сомасы 24 млн теңгеден аспауы қажет.
Ұлттық банктің мәліметінше, аталған шара халықтың шамадан тыс борыштық жүктемесін болдырмауға және несие нарығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, 2026 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысы бойынша қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы 25 трлн теңгеге жеткен. Оның 7 трлн теңгесі ипотекалық несие болса, 16,85 трлн теңгесі тұтынушылық қарыздардан тұрады.
