Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Дубайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған 22 жастағы қазақстандық Ернұр Алмаханның ісіне қатысты жаңа мәлімет жариялады.
СІМ өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, 18 наурызда Дубайдың бірінші инстанция соты Қазақстан азаматын ауыр қылмыстар бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру және айыппұл жазасын тағайындаған.
Әмірлік тарапының дерегінше, іс адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу сияқты ауыр қылмыстарға қатысты.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 1 сәуірде апелляциялық шағым берілген, оны қарау 27 сәуірге жоспарланған.
СІМ мен Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі бұл істі ерекше бақылауда ұстап отыр. Ведомствоның мәліметінше, сот процестері толық аяқталғаннан кейін ғана сотталған азаматты Қазақстанға беру мәселесі қаралуы мүмкін.
Ернұр Алмаханның туыстары оның кінәсіз екенін айтып, әділ тергеу жүргізуді сұрап отыр. Анасының сөзінше, ол 2024 жылы қыркүйекте жұмыс істеу үшін БАӘ-ге кеткен және Дубайда такси жүргізушісі болып еңбек еткен.
