Қазақстандағы Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісі отандық фильмдерге қатысты заңсыз талаптар қойғаны белгілі болды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті жүргізген тексеріс нәтижесінде кинотеатрлар желісі өз үстем жағдайын теріс пайдаланғаны анықталған.
Агенттік мәліметінше, желі қазақстандық киноөндірушілерді фильмдерді жарнамалау үшін қосымша қаражат төлеуге міндеттеген. Мұндай талап орындалмаған жағдайда, фильмдер прокатқа шығарылмаған.
Бұл әрекеттер бәсекелестікті шектеп, нарықтағы қатысушылардың құқықтарын бұзған. Сондай-ақ, отандық фильмдердің прокатқа шығуына кедергі келтіріп, кино саласының дамуына кері әсерін тигізген.
Осыған байланысты Kinopark – Kinoplexx Theatres компаниясына заң бұзушылық белгілері бойынша ресми хабарлама жолданды. Құжатты қарағаннан кейін кинотеатрлар желісі анықталған заңсыз әрекеттерді жойған.
Нәтижесінде енді Қазақстанда түсірілген фильмдер прокатқа шығу үшін міндетті жарнама төлемдерінен босатылды. Сонымен қатар, режиссерлер фильмдерін кинотеатрларға шығару үшін қосымша «жарна» төлеуге міндеттелмейді.
