Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты қоғамда үлкен резонанс тудырды. 21 наурыз күні орын алған қайғылы оқиға салдарынан үш адам қаза тапты.
Бұған дейін қоғам қайраткері Мұрат Әбенов аталған даңғылда жоғары жылдамдықпен жүйіткіген көліктерге бақылау әлсіз екенін айтып, ауқатты азаматтар мінген автокөліктердің кейде сағатына 250 шақырымға дейін жылдамдық асырып, бейресми жарыс ұйымдастыратынын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, мұндай өрескел заң бұзушылықтар жиі жол апатына әкеледі.
Бұл мәселеге депутат Марат Қожаев та пікір білдіріп, елімізде жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілер бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, полиция барлық аумақты толық бақылауда ұстай алмайды, сондықтан заңнаманы күшейту қажет.
Полиция ешқандай заң бұзушылыққа көз жұма қарамайды. Алайда олардың ресурстары барлық жерге бірдей жетпейді. Әрбір ереже бұзушыны жеке бақылауға алу мүмкін емес. Сол себепті заң талаптарын қатаңдату қажет, – деді депутат.
Ол айыппұлдарға берілетін жеңілдіктерді алып тастау, жүргізуші куәлігін уақытша тоқтату, қайта емтихан тапсыру сияқты шараларды енгізуді ұсынды. Сонымен қатар Германия тәжірибесін мысалға келтіріп, жүйелі түрде ереже бұзатындарға арнайы психологиялық тесттен өтуді міндеттеу қажеттігін айтты.
Қазіргі таңда аталған жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша жүргізілуде. Бұл бапқа сәйкес, кінәлі тұлға 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
