Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

МЫСЫРДЫҢ МҰХАММЕДІ

Бұл айдардың мақсаты – жасыл алаңда қос қақпаға гол соққан спортшылардың өмірдегі үшінші, жақсылық қақпасына қандай игі амалдар енгізіп жүргенін жазу. Яғни, спортшылардың ел білмейтін қырын айшықтап, істепжатқан қайырымды істерін көрсетпекпіз. Әлемдік футбол тақырыбы қозғалса «байдың асын байғұс қызғанатыны» секілді шаш етектен қаржы табатын шетелдік аяқдопшылар жалақысын бос қыдырыс, зәулім сарайлар мен қымбат көліктерге ғана жұмсайды деп ойлаймыз. Бірақ, байлығын жоқ-жітікпен бөлісіп, ел сүйінер қайырымдылық жасап, абыройлы болып жүргендер жетерлік. Сондай жанның бірі – Мұхаммед Са­лах.                              

                                         

                                                                                         САҢЛАҚ САЛАХ

Мұхаммед Са­лах Хамед Гали 1992 жылы 15 маусымда Египед еліндегі Нагриг атты кедей ауылда туған. Тағдыр тауқыметін көріп өскен Мұхаммед ұқыпты, еңбекқор болады. Бала күннен футболға қызығады. Бірақ, тұрмысы төмен ауылда стадион тұрмақ кәсіби доп та болмаған. Сондықтан ауыл балалары ел лақтырып тастаған ескі-құсқы байпақтарды жинастырып, желімдеп, содан доп жасап ойнайды. Көшенің шаңын бұрқыратып, байпақ тебушілердің ішінде саңлақ Салах та бар. Ойын баласы болғандықтан ба ала допты ұршықша иірген бұйрабас бүлдіршіннің шеберлігіне ешкім мән бермейді. Бір күні «Pepsi» компаниясының ұйымдастыруымен өткен мектепаралық жарыста Мұхаммед Салахтың өзгелерден ерекше техникасы мен жылдамдығын көрген жандар оны мысырлық «Мокавлун» футбол клубының академиясына алып барады. Жасындай жарқылдаған аяқдопшы аталмыш клубтың жастар құрамасына ілігеді. Бірақ, талпынысы мен талабы таудай дарынды баланың дайындыққа баруының өзі мұң болды. Себебі, академияға жету үшін үш автобус ауыстырып, төрт сағат жол жүру керек еді. Ал жаттығудан үйіне келемін дегенше шамамен сағат түнгі он екі болатын. Таңертең оқуға кешікпеуі керек. Осыны ескерген академия басшылығы ұстаздардан теңбіл доп десе ішкен асын жерге қоятын тарланды сабақтан ертерек босатуын сұрайды.  Қаншама шақырым жол жүрсе де ол өзі сүйген спорт болған соң дайындықтан қалмай, үздіксіз жаттығады. Қатал тәртіп пен күнделікті жаттығудың, еңбектенгеннің арқасында мысырлық майталман ересектер қатарына өтіп, «Мокавлунның» негізгі құрамына енеді. 2011 жылы Египет ұлттық құрамасына қабылданады. Келесі жылы «Ба­зель­» командасына ауысып, Швей­цария чемпионатында 10 гол соғып, мергендігімен танылады. 2012 жылы Швейцарияның «үз­дік футболшысы», 2017 жылы «Африка құрлығының жас­тар арасындағы үздігі» деген марапатқа ие болды.  Жасыл алаңда керемет ойын үлгісін көрсете білген шабуылшы ағылшындық «Челси», италиялық «Фиорентина» мен «Рома» клубтарының сапында өнер көрсетеді.  «Римдіктерде» екі маусымда 65 ойын өткізіп, 29 гол енгізеді. «Қасқырлардың» сапында футболдың озық үлгісін көрсетіп жүрген ойыншыға ағылшындық «Ливерпуль» командасы құда түсіп, жасыл алаңда құстай ұшып, ойқастап, ойнақ салып жүрген шеберді 42 миллион еуроға сатып алады. Байпақ теуіп өскен бозбала алғашқы маусымнан-ақ «Қызылдардың» үздік ойыншысы атанып, 36 ойында 32 гол соғып, 10 дәл пас беріп, ағылшын лигасының тарихындағы үздік сұрмергендердің рекордын жаңартады. Сонымен қатар, аталмыш командамен бірнеше титулды қанжығалап, әлемді мойындатады. Биылғы маусымда Салах 14 ойында 9 гол салды. Адуынды шабуылшының арқасында Мысыр футбол құрамасы биік белестерді бағындырып, әлем чемпионатына қатысты. Саңлақ сұрмерген дәл осы қарқында ойнаса әлі талай биіктерді бағындырары анық.

 

                                                                         АТЫМТАЙ ЖОМАРТ

 

Дана халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді. Әңгімемізге арқау болған мысырлық футболшы жасыл алаңда ғана емес, өмірде де үлгі алатындай ізгіліктің нақты көрінісін көрсетіп жүр. Ол – өзін қоя тұрып өзгені ойлап, тағдыры талқыға түскен жандарға қолда барын бөліп, аузындағы асын жырып беретін дарқан мінезді, кең пейілді адам. Оған дәлел әлем чемпионатының алдындағы оқиға.

Әлем біріншілігіне іріктеу. Егер мысырлықтар Конгоны ұтса Ресейде өтетін төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі додаға аттанады. Жауапты ойында Салах қарсыластар қақпасына қос доп енгізіп, еліне жеңіс сыйлайды. Өкінішке қарай, Египед 28 жылда бірінші рет әлем чемпионатына шыққан күні ұрылар шабуылшының үйін тонап кетеді. Салахтың әкесі сотқа шағымданып, ұрыны құрыққа түсіргенімен Мұхаммед сотқа берген шағымды кері алып, үйіне түскен ұрыға ақшалай жәрдемдесіп, жұмыс табуына көмектеседі. Үйіме түскен ұры демей, тұрмысы төмен жанға көмек берген Мұхаммедтің бұл ісі адамның асыл қасиеттерінің бірі.

Мысыр құрамасын әлем чем­пиона­тына шығарған Салахқа Египеттің беделді бизнесмені: «Еуропаның қай жерінен болса да ғажайып вилла салып беремін», – дегенде елім деп еміренген азамат жомарт жаннан туған жері Нагригті дамытуға үлес қосуды өтінеді. Шылқыған байлық пен шытырлаған ақшаны емес, кедей ауылдың шырылдаған халқын ойлаған азаматтың бұл ісі нағыз үлгі тұтарлық дүние! Жоқ-жітік, кем-кетікке демеу болған жанның еліне жасаған бұдан басқа да қайырымды шаруалары жетіп артылады. Атап айтсақ, өзі туған Нагриг ауылына мектеп, балабақша және аяқдоппен айналысқысы келетін балалар үшін алаң тұрғызды. Египет экономикасын тығырықтан шығару қорына 210 мың фунт стерлинг аударды. Басьюн қалашығына толық жарақты аурухана салса, Каир қаласындағы онкологиялық дертке шалдыққан балаларды емдейтін мекемеге медициналық құрылғылар алу үшін 500 000 фунт стерлинг қаржы берген. «Мұхаммед Салах» атты қайырымдылық ұйымын ашып, өзі туған Нагриг деген елді мекенде әл-Азһар университетіне қарасты діни білім беру ошағын ашу үшін 12 млн. фунт жұмсаған. Сонымен қатар, Мұхаммед Салах ракпен ауыратын мысырлық балаларға арнайы емделетін аурухана құрылысына 12 млн. фунт жұмсаған. Осы секілді елдегі жетім-жесірлерді қолдау үшін де түрлі балалар үйіне 50 млн. фунт бөлген. Сондай-ақ, осы күнге дейін ауыл жастарының үйлену тойының шығынын көтеріп келеді. Ең бастысы, елі үшін туған азамат барлық жақсылық атаулыны туған жеріне деген сүйіспеншілікпен, шынайы жүректен істейді.

Оның таза көңілден туындаған ықыласын, жасаған игі амалдарын қадірлеген жұрты Мысырдың «Атымтай жомартына» өзі оқыған орта мектептің атын берді. Әр ойынын барлық жұртшылық тамашалап, жанкүйерлік етеді. Египетте мектептің атын жекелеген адам атына беру сирек кездеседі. Сондықтан бұл да болса еңбектің еленгені. Көптеген адам «Осы жігіт өз елінің патшасы болады», – деп те жорамалдайды. Иә, қарағайға қарсы, еменге иір біткен бұтадай нағыз нарқасқа жігіттің жақсылықты жалау етіп жүрген өмірі көпке үлгі.

P.S Мақаламыздың мақсаты – ел білетін, жасаған игі амалдарын әлеуметтік желіден оқитын шетел футболшыларын дәріптеу емес. Иә, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазағымда да атымтай жомарттар жетерлік. Біздің мақсатымыз – елімізде де үшінші қақпаның үздігі атанатын аяқдопшылар көп болып, қайырымдылық шараларын тұрақты түрде жүргізу дәстүрге айналса деген ниет.

 

Сәйкес жаңалықтар

ДЕНИС ТЕН…

bairakkz

«САЙЛАУҒА ҚАТЫСУ ТЕК АҚ ЖАҒАЛЫЛАРҒА ҒАНА ТӘН ЕМЕС»: АУДАН ӘКІМІ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

bairakkz

«GRAN FONDO» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

bairakkz

Пікір жазу