Қазақстанда ломбардқа алтын бұйымдарын кепілге қойып, қарызды уақытында өтемеген азаматтар үшін несие алу қиындай түсуі мүмкін. Себебі мұндай берешектер енді кредиттік бюрода тіркеліп, адамның несие тарихына тікелей ықпал етеді.
Енді ломбардтар қарыз алушылар туралы барлық мәліметті кредиттік бюроға жолдауға міндетті. Бұл дегеніміз – кепілге қойылған сақина, сырға немесе басқа да бағалы бұйымдар бойынша алынған қарыздар да ресми несие ретінде есепке алынады. Соның салдарынан төлемді кешіктірген азаматтардың несие тарихы нашарлап, банктер оларды тәуекелі жоғары клиент ретінде қарастыруы мүмкін.
Айта кету керек, ломбардтар заң бойынша микронесие ұйымдарына жатады. Алайда көпшілік мұны біле бермейді. Сол себепті кей азаматтар қарызды уақытында жаппай, кепілдегі заттың сақтау мерзімі аяқталғанша күтеді. Бірақ кейін дәл осы берешек салдарынан банк несие беруден бас тартқанда қиындыққа тап болады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, ломбардтағы қарыз несие алуға толық тыйым салмайды. Дегенмен банктер әрбір өтініш берушінің төлем қабілетін жан-жақты тексереді. Яғни табысы, шығыны және жалпы қарыз жүктемесі ескеріледі.
Мамандардың айтуынша, егер ломбардтағы қарыз уақытында өтелсе және мерзімі өткен берешек болмаса, несие алу мүмкіндігі сақталады. Ал кешіктірілген немесе мүлде өтелмеген қарыздар керісінше тәуекел факторы ретінде бағаланады.
Сонымен қатар ломбардтар берілген қарыздар, оларды өтеу тәртібі және мерзімі өткен берешектер туралы барлық ақпаратты кредиттік бюроға жіберуге міндетті. Бұл деректер жүйеде кемінде бес жыл сақталады. Сондықтан қарызын уақытында жаппаған азаматтар болашақта несие рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болуы ықтимал.
