Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қауымдастықпен кездесу барысында елімізде Жасанды интеллект университетін ашу жоспарын жариялады.
Президент жастарды кәсіби, ғылыми және инженерлік-техникалық бағытта сапалы даярлау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ғылым мен технологияны дамыту арқылы ұлттық менталитетті өзгерту қажеттігін айтты.
Биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияладым. Қазақстанда тура мағынасында сана революциясын жасауымыз қажет. Университеттер білімді, парасатты, елдің болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін азаматтарды тәрбиелеуде ерекше рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, білім беру тек әлеуметтік қызмет емес, заманауи әлемде ол өндірістік күшке айналған. Жастардың ғылымға, инновациялық кәсіпкерлікке және озық цифрлық дағдыларға қызығушылығын арттыру – мемлекеттің басты міндеті.
Жасанды интеллект университеті биыл алғашқы студенттер мен магистранттарды қабылдауды жоспарлап отыр.
Іргелі ғылымсыз жасанды интеллектіні дамыту мүмкін емес. Алгоритмдер мен күрделі инженерлік өнімдер, ең алдымен, дамыған ғылыми және университеттік ортада пайда болады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл оқу орны еліміздің ғылыми-технологиялық дамуына маңызды серпін береді және жасанды интеллект саласында кәсіби мамандарды даярлауда негізгі базалық институтқа айналмақ.
