Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Коммуналдық тарифтерге мораторий аяқталады: өсім қашан болады

pixabay.com

Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтеріне енгізілген уақытша мораторий наурыз айының соңында аяқталады. Алайда тарифтердің нақты өсуі маусым айынан ерте болмайды.

Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, тарифтерді өзгерту үшін алдымен қызмет көрсетуші компаниялардың өтініштері қаралуы қажет. Бұл процесс бірден жүзеге аспайды және белгілі бір уақытты талап етеді.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушылар үшін коммуналдық тарифтерді көтеруге шектеу қойылған болатын. Осы уақыт аралығында монополистердің инвестициялық міндеттемелерді орындау деңгейі жан-жақты тексерілді.

Мамандардың айтуынша, еліміздегі инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 50 пайыздан асып кеткен. Егер бұл салаға инвестиция жеткіліксіз бөлінсе, тозу деңгейі жыл сайын тағы 2-3 пайызға арта береді. Бұл жағдай тарифтерді қайта қарау қажеттігін туындатады.

Қазіргі уақытта тарифті көтеру бойынша нақты өтініштер әлі түспеген. Дегенмен алғашқы өтінімдер сәуір айында берілуі мүмкін. Әрбір өтініш міндетті түрде қоғамдық тыңдаулардан өтеді, оған шамамен бір ай уақыт қажет.

Өтініштерді қарау мерзімі де әртүрлі: стандартты тәртіп бойынша 90 жұмыс күніне дейін, ал жеңілдетілген тәртіпте шамамен 40 күн қаралады. Осыны ескерсек, кейбір өңірлерде тарифтердің алғашқы өзгерістері маусым айында байқалуы ықтимал.

Сарапшылардың пікірінше, ең алдымен инфрақұрылымы қатты тозған өңірлерде тарифтерді көтеру мәселесі көтерілуі мүмкін. Олардың қатарында солтүстік, батыс және шығыс облыстар, сондай-ақ Ақмола облысы бар.

Сонымен қатар «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында тұтынушыларға түсетін жүктемені азайту көзделген. Алдын ала есептеулер бойынша тарифтердің ықтимал өсімі шамамен 3-4 пайыз деңгейінде болуы мүмкін. Мемлекеттік қолдау мен ұзақ мерзімді инвестициялар болған жағдайда тариф өсімі халық үшін барынша төмен деңгейде сақталады.

Сәйкес жаңалықтар

«Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына өтінім қабылдау мерзімі ұзартылды

bairakkz

Ең арзан жұмыртқа қай өңірде сатылады?

bairakkz

Түркияда емделіп жатқан Ербаян Мұхтарға қатысты қуанышты хабар айтылды

bairakkz