Танымал продюсер әрі әнші Қыдырәлі Болманов әлеуметтік желідегі парақшасында басынан өткен оқыс жағдай туралы айтты. Өнер иесі қала сыртындағы демалыс кезінде аттан құлап, жарақат алғанын жеткізді.
Әншінің айтуынша, мереке күндері ұлдарын атқа мінгізіп, табиғат аясында уақыт өткізбек болған. Алайда мінезі асау аттың әрекеті күтпеген жағдайға ұласқан.
«Атқа мініп өскен балалармыз… Шыбын шағып алды ма жануарды, оқыстан тебініп, басымен басымды соғып, «нокдаун» алып, енді жүгенді тартқан сайын көзі аларып, мөңки бастағанда, үркек аттан бәрін күтуге болады. Лақтырып тастап, шауып жөнелсе, аяғың үзеңгіде, басың жерде кетуі мүмкін. Бар ойым үзеңгіден шығып кету болды», – деп жазды ол.
Қыдырәлі Болманов жерге өкшесімен қатты түсіп, жарақат алған. Дәрігерлер тексеруінен кейін оның өкше сүйегі шытынағаны анықталып, аяғына гипс салынған.
Соған қарамастан, өнер иесі алдағы концертінің өтетінін айтты.
«Санаулы күндер қалғанда кішігірім сынақ болды бұл. Елімнің алдына еңбектесем де шығарым анық. 12 мамыр Республика сарайында жүздескенше!», – деді продюсер.
Желі қолданушылары мен әріптестері әншіге тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіріп жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
