Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Айдын Рақымбаев пен әйелі байлығының жартысын таратып бермек

Фото: instagram.com/rakhimbaevaidyn

Айдын Рақымбаев пен жұбайы Анар Рақымбаева әлемдік The Giving Pledge («Жомарттық анты») бастамасына ресми түрде қосылды. Олар өз байлығының жартысынан астамын қайырымдылыққа бағыттауға уәде берді.

Рахымбаевтар отбасы – осы бастамаға қосылған Орталық Азиядағы алғашқы өкілдер.

The Giving Pledge – миллиардерлер мен ауқатты кәсіпкерлерді қайырымдылыққа үндейтін халықаралық бастама. Оны 2010 жылы Билл Гейтс, Мелинда Френч Гейтс және Уоррен Баффет құрған.

2026 жылғы Forbes Kazakhstan рейтингіне сәйкес, Айдын Рақымбаев Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері тізімінде 9-орында тұр. Оның байлығы 1,1 млрд доллар деп бағаланған.

Рақымбаевтар өз шешімін бастаманың ресми сайтында жарияланған ашық хат арқылы мәлімдеді.

«Капитал – мақсат емес, құрал. Оның шынайы құндылығы адамдардың өміріне және қоғамның дамуына қаншалықты әсер ететінімен өлшенеді», – делінген хатта.

Кәсіпкердің айтуынша, отбасы үшін басты басымдық – Қазақстандағы әлеуметтік жобалар. Қаражат мектептер салуға, Орталық Азиядағы балаларды қолдауға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және Қазақстан тарихын насихаттауға бағытталмақ.

Сонымен қатар олар үш негізгі бағытқа назар аударатынын айтты:

  • халықаралық филантропиялық тәжірибені жергілікті бастамалармен ұштастыру;
  • балалар мен жастарға білім беру мүмкіндігін кеңейту;
  • кәсіпкерлер арасында қайырымдылық мәдениетін дамыту.

Айдын Рақымбаев бірнеше ірі әлеуметтік жобалардың бастамашысы ретінде белгілі. Солардың бірі – жетімдер үйіне түсу қаупі бар балаларды қорғауға бағытталған «Дом мамы» желісі. Сондай-ақ ауыл оқушыларына сапалы білім алуға мүмкіндік беретін IQanat жобасын қолдап келеді.

Кәсіпкердің сөзінше, қазіргі байлық – BI Group командасымен бірге 30 жылдық еңбектің нәтижесі.

«Giving Pledge бастамасына қосылу біз үшін бизнесті дамытудың жаңа мәнін ашты. Өйткені бұл болашақта одан да көп игі іс жасауға мүмкіндік береді», – деді Айдын Рақымбаев.

The Giving Pledge бастамасына бүгінде әлемнің 30-дан астам елінен шамамен 250 меценат қосылған. Қатысушылар қатарында Илон Маск, Марк Цукерберг және Ричард Брэнсон секілді танымал тұлғалар бар.

Сәйкес жаңалықтар

Санитарлық кітапшалар мен медициналық анықтамалар цифрлық форматқа көшеді

bairakkz

2025 жылдан бастап Қазақстан БРИКС серіктесі болады

bairakkz

Алматыдағы резонансты іс: қаза тапқандардың туыстары айыпталушыны түрмеге қамауды сұрамады

bairakkz