Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-Фараби даңғылында болған адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқасы бойынша негізгі сот процесі басталды.
Іс судья Еркін Майшыновтың төрағалығымен қаралып жатыр. Айыпталушы – 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі («Көлік құралын басқару кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») бойынша айып тағылған.
Сот отырысы аралас форматта өтті. Айыпталушы мен жәбірленушілер процеске онлайн режимде қатысты.
Айыпталушы кінәсін толық мойындады
Сот барысында Александр Пак өз кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеді. Қорғаушы тараптың айтуынша, ол қаза тапқандардың отбасыларына келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық өтеген.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болған. Тергеу мәліметінше, Zeekr көлігін басқарған Александр Пак қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Кейін жүргізушінің жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болғаны анықталған.
«Біз оны толық кешірдік»
Бүгінгі отырыста қаза тапқан Mercedes жүргізушісінің әпкесі жауап берді. Оның айтуынша, інісінің қаза тапқаны туралы хабарды таңғы уақытта тергеушіден естіген.
«Таңғы сағат жетілер шамасында дознаватель қоңырау шалып, інімнің жол апатынан қаза тапқанын айтып, мәйітті тануға шақырды. Сол кезде ғана оның Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан көз жұмғанын білдім. Біз күнде бірге жүретінбіз. Ол компьютер клубында әкімші болып жұмыс істеді әрі менің шаруаларыма көмектесетін», – деді ол.
Марқұмның туыстары сотқа айыпталушымен татуласқандары туралы өтінішхат тапсырды. Құжатта Александр Пактың кінәсін толық мойындағаны, өкінгені және келтірілген шығынды толық өтегені көрсетілген.
Сондай-ақ олар айыпталушыға қатысты ешқандай талаптары жоқ екенін айтып, соттан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Анасының соңғы әңгімесі
Сотта жол апатынан қаза тапқан 20 жастағы қыздың анасы да жауап берді. Оның айтуынша, қызы такси жүргізушісі болып жұмыс істеген.
«Қызым үйге келіп, қарны ашқанын айтты. Сол күні автонесиесіне 267 мың теңге төлеуі керек еді. Шамамен 90 мың теңге жетпей тұрғанын айтып, тағы жұмыс істеп келетінін жеткізді. Мен тамақ беріп, қайта шығарып салдым», – деді анасы.
Кейін ол қызына түнгі сағат 23:30 шамасында бейнеқоңырау шалған.
«Көлікте жолаушылар болды. Мен қашан келетінін сұрадым. Ол «жолаушыларды түсіріп, үйге келемін» деді. Бұл біздің соңғы сөйлесуіміз болды», – деді ол.
Келесі күні таңертең отбасыға қыздарының қайтыс болғаны туралы хабар жеткен.
«Біз соңына дейін қызымыз ауруханада жатыр деп ойладық. Моргқа барған кезде ғана оның өмірден өткеніне көзіміз жетті», – деді көз жасына ерік берген ана.
Туыстары шартты жаза сұрады
Қыздың анасының өтініші де сотта жария етілді. Онда отбасының айыпталушымен толық татуласқаны жазылған.
«Айыпталушы кінәсін толық мойындады, шын жүректен өкінді, кешірім сұрады және материалдық әрі моральдық шығынды толық өтеді. Біз оны толық кешірдік және оған ешқандай талабымыз жоқ. Болашақта да талап қоймаймыз», – делінген өтініште.
Марқұмның туыстары соттан Александр Пакқа бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды, оның ішінде шартты түрде соттау мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Mercedes жүргізушісінің туыстары да осындай ұстаным білдіріп, айыпталушыны толық кешіргендерін айтты.
Ал жол апатынан қаза тапқан үшінші жәбірленушінің туыстары әзірге сотта жауап берген жоқ. Олардың жауабы келесі сот отырысында тыңдалады. Келесі процесс 4 маусым күні сағат 10:00-ге белгіленді.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған іс
Бұл жол-көлік оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқиғадан кейін Алматы қалалық полиция департаменті қызметтік тексеру жүргізіп, нәтижесінде полиция департаменті басшысының орынбасары мен әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Сонымен қатар жүргізушінің жоғары лауазымды полиция қызметкерлерімен байланысы болуы мүмкін деген ақпараттар да қоғамда қызу талқыланған болатын. Тергеу барысы Мемлекет басшысының бақылауына алынған.
Қазіргі таңда іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
