Қазақстан Ішкі істер министрлігі елде енгізілуі жоспарланып отырған қылмыстық және әкімшілік рақымшылықтың кімдерге қатысты қолданылатынын түсіндірді. Жаңа заң жобасы азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беріп, оларға құқықтық жеңілдіктер ұсынуды көздейді.
ІІМ мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Мәжіліс депутаттары жекелеген санаттағы азаматтарға рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірлеген. Құжатты әзірлеу жұмысына министрлік пен өзге де мемлекеттік органдар қатысуда.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, рақымшылық – қылмысқа көз жұма қарау емес, керісінше мемлекеттің гуманистік ұстанымын көрсететін ерекше құқықтық шара.
Қылмыстық рақымшылық кімдерге қолданылады?
Рақымшылық негізінен жеңіл және онша ауыр емес қылмыс жасаған азаматтарға қатысты болады. Сонымен қатар келтірілген залал толық өтелген жағдайда орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар да бұл шараға ілігуі мүмкін.
Жаза мерзімін қысқарту немесе босату туралы шешім қылмыстың ауырлығына және сотталған адамның мінез-құлқына қарай қабылданады.
ІІМ Әкімшілік департаменті басшысының орынбасары Ермек Шүлденнің айтуынша, рақымшылық шамамен 15 мыңнан астам адамды қамтуы мүмкін. Оның ішінде 1,5 мыңға жуық адам қазіргі таңда түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатыр.
Қандай қылмыстар рақымшылыққа жатпайды?
Рақымшылық келесі санаттағы қылмыстарға қолданылмайды:
- терроризм;
- экстремизм;
- сыбайлас жемқорлық;
- ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар;
- азаптау фактілері;
- кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар;
- қайталанған қылмыстар.
Осылайша мемлекет ауыр және қоғамға қауіпті қылмыстар үшін жауапкершіліктің бұлтартпау қағидатын сақтап отыр.
Әкімшілік рақымшылық алғаш рет енгізіледі
Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізілмек. Ол 263 бап бойынша 15 мемлекеттік органның құзыретіне жататын құқық бұзушылықтарды қамтиды.
2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша азаматтар мен кәсіпкерлер төленбеген айыппұлдардан босатылуы мүмкін.
ІІМ деректеріне сәйкес, бұл шара шамамен 1 миллион айыппұлды және жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын берешекті қамтиды.
Қандай құқық бұзушылықтарға рақымшылық жүрмейді?
Әкімшілік рақымшылық төмендегі құқық бұзушылықтарға қолданылмайды:
- қару айналымына қатысты заң бұзушылықтар;
- есірткіге байланысты құқық бұзушылықтар;
- мас күйінде көлік жүргізу;
- қарсы жолаққа шығу;
- жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу;
- қайталанған әкімшілік құқық бұзушылықтар.
ІІМ өкілдері бұл шара қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтірмейтінін және бақылау тетіктері толық сақталатынын атап өтті.
Айта кетейік, жаңа заң жобасы қабылданған жағдайда мыңдаған азамат пен кәсіпкерге қаржылық және құқықтық жеңілдік беріледі.
