Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Әл-Фараби даңғылындағы адам өлімімен аяқталған жол апатынан кейін жалған ақпарат таратты деп айыпталған блогер Әділетхан Молдаханға қатысты үкім шығарды.
Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігі 3-тармағы («Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сот үкімімен Молдаханға блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды.
Мемлекеттік айыптаушы соттан блогерді үш жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Жәбірленуші тарап та осы талапты қолдап, оның блогерлік қызметіне шектеу қоюды өтінген.
Іс неге байланысты қозғалды?
Қылмыстық іс блогердің Әл-Фараби даңғылындағы қайғылы жол апатынан кейін жариялаған видеоларына байланысты қозғалды.
Әділетхан Молдахан өз жарияланымдарында құқық қорғау органдары қызметкерлері түнгі заңсыз автожарысқа қатысы болуы мүмкін деген мәлімдемелер жасаған. Осыған байланысты бұрынғы Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының экс-басшысы Серік Шумаев жәбірленуші ретінде танылды.
Қайғылы жол апаты
Еске салайық, жол апаты 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болған.
Тергеу мәліметінше, Александр Пак басқарған Zeekr автокөлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен көліктегі екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты.
Осы оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігі Алматы полициясы басшылығының бірқатар қызметкерін қызметінен босатты.
22 маусымда сот Александр Пакты жол апатына кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырған болатын.
Ал Әділетхан Молдахан 31 наурызда қамауға алынып, тергеу барысында кінәсін толық мойындаған.
Бұған дейін де сотталған
Бұл – блогердің алғашқы соттылығы емес.
2023 жылдың шілдесінде ол екі сыбайласымен бірге қарақшылық жасағаны үшін сотталған. Тергеу материалдарына сәйкес, олар Тараздан Алматыға пәтер сатып алуға келген ер адамның көлігін аңдып, әдейі жол-көлік оқиғасын ұйымдастырған. Кейін күш қолданып, ішінде 1,55 миллион теңге болған сөмкені тартып алған.
Сол кезде айыпталушылар кінәларын толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Соның нәтижесінде Әділетхан Молдахан 3 жылға бас бостандығын шектеу, пробациялық бақылау және жыл сайын 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасына тартылған еді.
