Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі аптап ыстыққа байланысты қазақстандықтарға ескерту жасады

Фото: stringfixer

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарды аптап ыстық кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, күн өту денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіріп, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Министрлік түсіндіргендей, ағзаның шамадан тыс қызып кетуі дене температурасын қалыпты деңгейде ұстап тұру қабілетін бұзады. Соның салдарынан ми, жүрек, бүйрек және басқа да өмірлік маңызды ағзалардың қызметі зақымдануы ықтимал. Ал дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, жағдайдың күрт нашарлау қаупі жоғары.

Мамандардың айтуынша, күн өтудің негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, сананың шатасуы және есінен тану жатады.

Осындай белгілер байқалған жағдайда дәрігерлер дереу 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыруға кеңес береді. Медициналық қызметкерлер келгенше зардап шегушіні көлеңкелі немесе салқын жерге шығарып, артық киімін шешіп, денесін салқындату қажет.

Аптап ыстық кезінде Денсаулық сақтау министрлігі мынадай сақтық шараларын ұстануды ұсынады:

  • күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта жүрмеу;
  • жеткілікті мөлшерде су ішу;
  • жеңіл әрі ашық түсті киім кию;
  • бас киім мен күннен қорғайтын көзілдірікті пайдалану;
  • балаларды, қарттарды және созылмалы ауруы бар адамдарды ерекше бақылауда ұстау.

Министрлік тұрғындарды өз денсаулығына мұқият болып, күн өткен жағдайда өздігінен емделмей, медициналық көмекке жүгінуге шақырды.

Сәйкес жаңалықтар

Ашхабад-2017: Иван Иванов ядро серпуден Қазақстанға алтын жүлде сыйлады

Ришат

Қазақстан Ресейдің үш өңірінде мектеп салады

bairakkz

Белгілі кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов өмірден өтті

bairakkz