Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

Белгілі кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов өмірден өтті

Фото: t.me/madenietaqparat

Қазақстанның белгілі кинорежиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Жамансарыұлы Әмірқұлов дүниеден өтті.

Қаралы хабарды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялап, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне, сондай-ақ барша киносүйер қауымға көңіл айтты.

Министрліктің мәліметінше, Ардақ Әмірқұлов ұлттық кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті режиссер, білікті ұстаз әрі тәлімгер болды. Ол бірнеше буын киногерлердің қалыптасуына ықпал етіп, қазақ кинематографиясының дамуына елеулі еңбек сіңірді.

Режиссердің «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» және басқа да фильмдері қазақ киносының алтын қорына енген. Оның шығармалары ел тарихын, халықтың рухани құндылықтарын және адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленіп, көрермендер мен кино мамандарының жоғары бағасына ие болды.

Министрлік көңіл айтуында:

«Ардақ Жамансарыұлының жарқын бейнесі, өнегелі ғұмыры мен қазақ мәдениеті мен кино өнерінің дамуына сіңірген елеулі еңбегі халық жадында мәңгі сақталады», – деп атап өтті.

Ардақ Әмірқұлов қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған режиссер ретінде ұлттық мәдениет тарихында ерекше орын алады. Оның еңбектері кейінгі ұрпаққа құнды рухани мұра болып қала береді.

Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

Сәйкес жаңалықтар

Жаңаөзен қаласының 47 жастағы мұғалімі сегіз айдан бері табылмай жатыр

bairakkz

Си Цзиньпиннің ел басқару туралы кітабы қазақ тілінде жарық көрді

bairakkz

Канелоны «сабаған» қолғап Алматыда аукционға қойылмақ

bairakkz