Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтарОқиғалар

Лайк пен донат үшін заң бұзған стримерлер жауапқа тартылды

видеодан скриншот

Ішкі істер министрлігі интернет кеңістігіндегі заңсыз контентке қарсы бақылауды күшейтті. «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында республика бойынша 20-дан астам стример әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ведомство мәліметінше, жоғары қаралым, лайк пен донат жинауды көздеген кейбір блогерлер мен стримерлер тікелей эфир барысында қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырған және өзге азаматтардың ар-намысына тиетін әрекеттерге барған. Мұндай контенттің кәмелетке толмағандар үшін де қолжетімді болуы құқық қорғау органдарының ерекше алаңдаушылығын туғызуда.

Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев TikTok желісіндегі тікелей эфирде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова да тікелей эфир барысында қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан. Бұған дейін дәл осындай құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылғанына қарамастан, ол заң талаптарын қайта бұзған. Сот оған әкімшілік айыппұл салды.

Павлодар қаласының 26 жастағы тұрғыны Аслан Амантаев көлік жүргізіп келе жатып тікелей эфирге шыққан. Ол қауіпсіздік белдігін тақпаған күйде балағат сөздер айтып, жол қозғалысы ережелерін де бұзған. Сот шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Түркістан қаласының тұрғыны Баян Шанкеева да жауапкершілікке тартылды. Ол әлеуметтік желілерде bayan_kyz, fatima.sh0000 және fatima_s003 аккаунттарымен танымал. Тергеу барысында оның тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткені анықталды. Сот оған әкімшілік айыппұл тағайындады.

Ішкі істер министрлігі цифрлық кеңістіктегі құқыққа қайшы контенттің жолын кесу және қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.

Заң талаптары шынайы өмірде ғана емес, интернет кеңістігінде де баршаға бірдей міндетті. «Заң мен Тәртіп» – жай ұран емес, әрбір азамат ұстануға тиіс қағидат. Министрлік осы талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыра береді, – делінген ведомство хабарламасында.

Сәйкес жаңалықтар

Психикалық денсаулық – жан саулығының кепілі

bairakkz

Димаш Құдайберген қытайлық Hunan Broadcasting System серіктестікте халықаралық жобаны жүзеге асырады

bairakkz

Өзбекстанда түрмеде кітап оқыған сотталғандардың жаза мерзімі қысқартылады

bairakkz