Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

Ақтауда ауысым кезінде күзетші қаза тапты: сот істі қайта тергеуді міндеттеді

Фото: istockphoto.com

Арнайы комиссия күзетшінің өлімін еңбек қызметіне байланысты емес деп таныған. Алайда сот тергеудің формалды жүргізілгенін және оқиғаның барлық мән-жайы толық анықталмағанын мәлімдеді.

Маңғыстау облысының соты түнгі ауысым кезінде шабуылға ұшырап, кейін қайтыс болған күзетшінің өліміне қатысты арнайы тергеу актісін заңсыз деп таныды. Сот еңбек инспекциясына оқиғаны қайта тергеуді міндеттеді.

Қаза тапқан күзетшінің туысы арнайы комиссия оның өлімін еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға деп танымағаннан кейін сотқа жүгінген. Талап қоюшы комиссия қорытындысының күшін жойып, істі қайта тергеуді сұраған.

Сот материалдарына сәйкес, П. күзет агенттігінде еңбек шарты бойынша жұмыс істеген. 2025 жылғы 8 қыркүйекте сағат 20:00-де ол Маңғыстау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығындағы күзет орнына түнгі ауысымға түскен.

Түнгі сағат 01:00 шамасында есірткіге мас күйде болған белгісіз ер адам темір қоршаудан асып өтіп, қан алу пунктіне кірген. Оның қолында ұзын темір зат болған. Іс материалдарында ер адамның тонау әрекетін жасауға ниеттенгені көрсетілген.

Дауыс естіген күзетші қан алу пунктіне барған. Сол жерде ер адам оған шабуыл жасап, темір затпен денесінің әр жерінен бірнеше рет соққы жасаған.

Күзетші Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілгенімен, алған жарақаттарынан көз жұмды.

Оқиғадан кейін еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрып, тергеу жүргізген. Комиссия күзетшінің өлімін еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаға жатқызбаған.

Комиссия актісінде шабуыл кезінде күзетшінің ұйықтап жатқаны көрсетілген. Сондай-ақ оқиғаға бөгде адамның заңсыз әрекеті себеп болғаны және оның күзетшінің қызметтік міндеттерін орындауымен байланысты болмағаны айтылған.

Сот комиссия қорытындысымен келіспеді

Сот күзетшіге шабуыл оның жұмыс ауысымы кезінде және жұмыс беруші жіберген жұмыс орнында жасалғанына назар аударды.

Сонымен бірге арнайы комиссия АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы аумағындағы бейнежазбаларды сұратпаған, қылмыстық іс материалдарын зерттемеген және күзет агенттігінің лауазымды тұлғаларынан жауап алмаған.

Бұған қоса, еңбек заңнамасының талаптарына қарамастан, комиссия құрамына АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы мен күзет агенттігінің өкілдері енгізілмеген.

Осы мән-жайларды ескерген сот еңбек инспекциясы тергеуді формалды жүргізіп, күзетшінің қазасына қатысты барлық жағдай мен себепті толық анықтамаған деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде сот қаза тапқан күзетшінің туысының талабын толық қанағаттандырды. Арнайы тергеу актісі заңсыз деп танылып, еңбек инспекциясына заң талаптарын сақтай отырып, қайта тергеу жүргізу міндеттелді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сәйкес жаңалықтар

Индонезияда су тасқынынан отызға жуық адам қаза тапты

bairakkz

«Адам өледі, ажал қалады»: Біржан Хасанғалиев әкесін еске алды

bairakkz

Қазақстан шетелдік инвестициялар бойынша ТМД көлемінде көш бастады

bairakkz