Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

48 әскери бөлім тексеріліп жатыр: Тоқаевқа алғашқы нәтиже баяндалды

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, Қорғаныс министрлігінде жүргізіліп жатқан жоспардан тыс аудиттің алғашқы нәтижелерімен танысты.

Ақорданың мәліметінше, ауқымды тексеріс 50 нысанды, соның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Аудитті сапалы әрі жедел жүргізу үшін мемлекеттік аудит жүйесінің жетекші мамандарынан, сондай-ақ IT және байланыс саласының сарапшыларынан арнайы топ жасақталған.

Тексеру барысында Қарулы күштер қызметінің негізгі бағыттарына кешенді баға беріледі. Атап айтқанда, әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, жеке құрамның даярлығы, оқу-жаттығу жиындарының өткізілуі, әскери инфрақұрылымның дамуы, қару-жарақ пен техниканың жаңғыртылуы және цифрлық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуі тексеріледі.

Сонымен қатар Президентке қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырысқа жүргізілген аудит нәтижелері таныстырылды. Тексеру қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Үкімет пен салалық мемлекеттік органдарға 57 нақты ұсыным мен тапсырма жолдаған.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысына экономикалық даму мен әлеуметтік саланың басым бағыттарын қамтитын жоспарлы аудиторлық тексерулердің барысын да баяндады.

Бұдан бөлек, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Астанада өткен Азия жоғары аудит органдары ұйымы Басқарма кеңесінің 63-отырысының қорытындысы туралы мәлімет берді. Жиынға 19 елдің өкілдері қатысқан. Мұндай форматтағы іс-шара Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылды.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі аудитті жалғастыруға және мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігінің бюджеті мен әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне қатысты ауқымды тексеріс Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан кейін қолға алынды. 24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Оқиғадан кейін әскердегі қауіпсіздік, басқару жүйесі, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қатысты мәселелер мемлекеттік деңгейде қайта қарала бастады.

Сәйкес жаңалықтар

Қазақстанның жас боксшылары Будвада 27 медаль жеңіп алды

bairakkz

Атырауда төрт адамды өлтіру ісі: күдіктінің соты ашық өтеді

bairakkz

«Рұқсатынсыз айта алмаймын»: Жұлдыз Әбдікәрімова үлкен қызының жігіті жайлы сөз қозғады

bairakkz