Атырау облысы Жангелді ауылында төрт адамның қазасына қатысты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша сот отырысы ашық режимде өтеді. Алғашқы сот процесі 18 мамыр күні сағат 11:00-ге белгіленген.
Жергілікті «Ақжайық» басылымының хабарлауынша, істі аса ауыр қылмыстарды қарайтын судья Зарема Хамидуллина қарайды. Бұған дейін ол қоғамда резонанс тудырған Яна Легкодимова ісін де қараған болатын.
Сот материалдары Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына келіп түскен. Процесс ашық өтетіні ресми түрде хабарланды.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айында полицияға Жангелді ауылында тұратын 66 жастағы ер адам, 64 жастағы әйел және олардың екі баласы – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызы хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат түскен. Туыстары олардың қараша айынан бері байланысқа шықпағанын айтқан.
Барлық төрт адам іздеу жарияланған тұлғалар қатарында болған. Кейін бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.
