Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарШоу-бизнес

Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастырушы бес жылға сотталуы мүмкін

Фото: instagram.com/kair_n

Шымкентте әнші Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған жаппай дүрбелеңге қатысты тергеу жалғасып жатыр. Концерт ұйымдастырушысына бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алайда оған қатысты бұлтартпау шарасы әзірге таңдалмаған.

Оқиға салдарынан зардап шеккен 18 жастағы қыздың жағдайы әлі де ауыр. Қазіргі уақытта істі Шымкент қаласы Тұран аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр.

Күдіктінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 306-бабы 2-бөлігі, яғни қызмет көрсету кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу бойынша сараланған.

«Аталған бап бойынша күдіктіге 5 000 АЕК-ке дейін, яғни 21,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынуы немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін».

Прокуратура мәліметінше, күдіктіге қатысты қамауда ұстау мәселесін тергеу судьясы әлі қарамаған. Заңға сәйкес, бұл мәселе белгіленген мерзімде шешілуі тиіс.

Еске сала кетейік, Шымкентте өткен концерт кезінде көрермендер арасында қатты кептеліс болып, адамдар бірін-бірі таптап кете жаздаған. Салдарынан 18 жастағы бойжеткен жансақтау бөліміне түскен.

Полицияның мәліметінше, концертке сатылған билеттер саны ғимараттың белгіленген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен.

«Көпшілік жиналатын мәдени іс-шараларда көрермендердің қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Бір ғана ұйымдастырушылық қателік адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін».

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Күдіктінің кінәсі сот үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.

Сәйкес жаңалықтар

Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионы болды

bairakkz

ҰРЫНЫ САБАҒАН «ТЕМІР ХАНЫМ»

bairakkz

Ақмола облысында әкесі мен баласына найзағай түсіп, мерт болды

bairakkz