Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуын мемлекеттік компаниялардағы ауқымды жемқорлықтың белгісі деп атап, заң алдында ешкімге артықшылық берілмейтінін мәлімдеді.
13 қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Мемлекет басшысы ұлттық компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне тоқталып, құқық қорғау органдарына заң бұзушылықтарды жан-жақты әрі жедел тергеу қажеттігін айтты.
Президент «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуын өте маңызды әрі алаңдатарлық белгі деп бағалады.
«Заң бойынша тергеу мәселелерін алдын ала жариялауға немесе ашуға болмайды, оның үстіне тергеу енді ғана басталды. Бірақ қазірдің өзінде бұл «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы жарияланып, Конституцияға мемлекеттік басқару мен қоғамдық өмірдің негізгі қағидаттарының бірі ретінде енгізілгеннен кейін мемлекеттік компаниялардың бірыңғай жүйесіндегі алғашқы ірі сыбайлас жемқорлық ісі екенін айтуға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Конституцияны бұзуға немесе оны келеке етуге ешкімнің құқығы жоқ екенін ерекше атап өтті.
«Өзіміздікі» және «өзгенікі» деп бөлуге жол берілмейді
Президент бұдан былай сыбайлас жемқорлыққа қатысты істерде ешкімге жеңілдік жасалмайтынын, барлық азамат заң алдында бірдей жауап беретінін мәлімдеді.
«»Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, түрлі деңгейдегі басшылардың қаржы жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Бас прокуратурамен бірлесіп, жедел әрі мұқият тексереді.
Үш жылда 3 мыңнан астам жемқорлық дерегі анықталған
Мемлекет басшысы елдегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты статистиканы да жариялады.
Президент келтірген мәліметке сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында 3 168 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы анықталған. Оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер, қалғанын өзге тұлғалар, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған.
Ал 2026 жылдың алғашқы он айында 751 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелген. Оның 546-сы мемлекеттік қызметшілерге, 205-і басқа тұлғаларға, оның ішінде квазимемлекеттік сектор өкілдеріне қатысты.
Президенттің айтуынша, бұл көрсеткіштер елдегі жемқорлық мәселесінің әлі де күрделі екенін көрсетеді.
«Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз», – деді мемлекет басшысы.
«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына не себеп болды?
Еске салайық, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мамандары «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыповты, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті және өзге де тұлғаларды ұстаған.
Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.
12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсталу дерегін ресми растады. Ведомство қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа мәліметтері жарияланған жоқ.
13 қарашада «Қазақстан темір жолы» компаниясы жағдайға қатысты түсініктеме беріп, кәсіпорын қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысы тоқтаусыз жалғасуда.
Президенттің мәлімдеуінше, «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде қатаң сақталуға тиіс. Ал стратегиялық маңызы бар ұлттық компаниялардың басшылары заң талаптары мен өздеріне жүктелген жауапкершілікті толық орындауы қажет.
Айта кетейік, ұсталған тұлғалардың кінәлі немесе кінәсіз екені соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.
