Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) қазіргі бас хатшы Антониу Гутерриштің орнына келетін жаңа басшыны әлі анықтай алмай отыр. Оның өкілеттік мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.
БҰҰ бас хатшысы қызметіне сегіз үміткер таласып жатыр. Алайда Қауіпсіздік Кеңесінде өткен сегіз алдын ала дауыс беру кезеңінің ешқайсысында кандидаттар қажетті қолдауға толық ие бола алмаған. Бұл туралы Ulysmedia.kz Al Jazeera басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Жаңа бас хатшы қалай сайланады?
БҰҰ бас хатшысын ресми түрде ұйымға мүше 193 мемлекет қатысатын Бас Ассамблея тағайындайды. Бірақ оған дейін үміткерді Қауіпсіздік Кеңесі ұсынуы тиіс.
Қауіпсіздік Кеңесінің құрамында 15 мемлекет бар. Оның бесеуі — АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция — тұрақты мүше әрі вето құқығына ие.
Үміткер Қауіпсіздік Кеңесінің қолдауын алу үшін кемінде тоғыз дауыс жинап, тұрақты мүшелердің ешқайсысының ветосына ұшырамауы керек.
Сондықтан жаңа бас хатшыны таңдауда шешуші рөлді осы бес мемлекет атқарады.
Негізгі үміткерлер кімдер?
БҰҰ басшылығына таласып жатқан ең танымал кандидаттардың бірі — Коста-Рика өкілі Ребека Гринспан. Ол БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясын (ЮНКТАД) басқарады.
Гринспан 2022 жылы Украина астығын Қара теңіз арқылы экспорттауға мүмкіндік берген келіссөздерге қатысқан. Егер ол сайланса, БҰҰ тарихындағы алғашқы әйел бас хатшы атанады.
Тағы бір ықпалды үміткер — аргентиналық дипломат Рафаэль Гросси. Ол 2019 жылдан бері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке (МАГАТЭ) жетекшілік етеді.
Гросси Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайында ядролық қауіпсіздік мәселелерімен, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасын бақылаумен айналысып келеді.
Бұлардан бөлек, бас хатшылыққа мына тұлғалар үміткер:
-
Мария Фернанда Эспиноса Гарсес — Эквадор, БҰҰ Бас Ассамблеясының бұрынғы төрайымы;
-
Лана Нусейбе — Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі;
-
Феридун Синирлиоғлу — Түркия дипломаты;
-
Кэролин Родригес-Биркетт — Гайана өкілі;
-
Ивонн А-Баки — Эквадор саясаткері;
-
Олара Отунну — Уганда өкілі.
Дауыс беруде кім алда келеді?
Мақалада келтірілген 1 for 8 Billion науқанының мәліметіне сәйкес, сегізінші алдын ала дауыс беру нәтижесінде Ребека Гринспан көш бастаған.
| Үміткер | Қолдаған | Қарсы | Қалыс |
|---|---|---|---|
| Ребека Гринспан | 12 | 3 | 0 |
| Рафаэль Гросси | 9 | 4 | 2 |
| Кэролин Родригес-Биркетт | 8 | 5 | 2 |
Дегенмен Гринспанның көш бастауы оның міндетті түрде сайланатынын білдірмейді. Себебі қарсы дауыс берген мемлекеттердің арасында вето құқығына ие елдердің бар-жоғы белгісіз.
Бас хатшы жыл соңына дейін сайланбаса не болады?
Антониу Гутерриштің өкілеттігі 2026 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Жаңа бас хатшы 2027 жылғы 1 қаңтарда қызметіне кірісуі тиіс.
Алайда БҰҰ Жарғысында Қауіпсіздік Кеңесі жаңа басшы жөнінде келісімге келе алмаған жағдайда қандай рәсім қолданылатыны нақты көрсетілмеген.
Сарапшылар мұндай жағдайда келіссөздер жалғасуы, тараптар ымыралы кандидат іздеуі немесе ұйымды уақытша жоғары лауазымды қызметкерлердің бірі басқаруы мүмкін екенін айтады.
БҰҰ тарихында мұндай келіспеушіліктер бұрын да болған. Мәселен, 1996 жылы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері ұзақ келіссөздерден кейін Кофи Аннанның кандидатурасына тоқтаған.
