18 қарашада Қазақстан Республикасының Құрылтайы онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер мен толықтыруларды, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қатысты ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев таныстырған заң жобалары цифрлық платформалардың жауапкершілігін күшейтуге, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, балалар үшін қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыруға және медиа кеңістіктегі құқықтық тәртіпті жетілдіруге бағытталған.
Әрине, бұл – заң жобасының түпкілікті қабылданғанын білдірмейді. Құрылтай Регламентіне сәйкес, заң жобалары үш оқылымда қаралады. Демек, алда екінші және үшінші оқылымдар бар. Осы кезеңдерде депутаттар тарапынан қосымша ұсыныстар енгізіліп, жекелеген нормалар нақтылануы немесе өзгертілуі мүмкін.
Алайда бірінші оқылымда мақұлданған өзгерістердің өзі еліміздің ақпараттық кеңістігін тәртіпке келтіруге, әлеуметтік желілердегі жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға және қоғамымызды ізгілендіруге бағытталған маңызды қадам деп есептеймін.
Заң жобасында қандай маңызды жаңалықтар бар?
Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда былапыт сөз қолданғаны, әлеуметтік желілерде жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілік нормаларын нақтылау және күшейту ұсынылып отыр.
Екіншіден, онлайн-платформалардың Қазақстанда заңды өкілдіктерін ашуы, заңсыз контентті, оның ішінде балаларға қатысты кибербуллинг материалдарын жою туралы уәкілетті органның заңды талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілік белгілеу көзделген.
Үшіншіден, аудиториясы бес мыңнан асатын ашық қауымдастықтар мен анонимді пайдаланушыларды сәйкестендіру тетіктерін енгізу қарастырылуда. Мұндағы басты мақсат – көпшілікке ақпарат тарататын тұлғалардың жауапкершілігін арттыру. Бұл талаптың нақты қолданылу тәртібі алдағы оқылымдарда құқықтық тұрғыдан айқындалуға тиіс.
Төртіншіден, 16 жасқа толмаған балаларды әлеуметтік желілерде тіркеуге шектеу қою ұсынылады. Бұл ретте ата-аналарымен, жақындарымен және мұғалімдерімен байланысуға арналған мессенджерлерге аталған шектеу қолданылмайды.
Бесіншіден, азаматтың ар-намысына нұқсан келтіретін жалған мәліметті теріске шығаруды сол ақпарат жарияланған дереккөзде, оның ішінде әлеуметтік желідегі парақшада орналастыру көзделген.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын БАҚ-та арнайы белгімен жариялау, білім беру курстарын ұсынатын тұлғалардың тиісті білімі мен дипломы немесе сертификаты туралы мәлімет көрсетуі, адамның фото және бейнежазбаларын пайдалануда оның жеке өміріне қол сұқпау талаптарын нақтылау сияқты өзгерістер де бар.
Бұл бастамалардың әрқайсысы қоғам үшін маңызды. Өйткені цифрлық кеңістікте ақпарат таратудың мүмкіндігі артқан сайын оның қоғамдық жауапкершілігі де күшеюге тиіс.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы он айында жүргізілген мониторинг барысында құқыққа қайшы 128,5 мың материал анықталып, олардың шамамен 70 пайызы жойылған.
Бұл көрсеткіштің өзі ақпараттық кеңістіктегі қауіп-қатерлердің ауқымын аңғартады.
ҚОҒАМ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ ТӘРТІП БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ
Бүгінде әлеуметтік желілер қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда соңғы жылдары кейбір платформаларда пікір білдіру еркіндігі мен жауапсыздықтың ара-жігі ажыратылмай бара жатқаны да жасырын емес.
Әсіресе Threads пен TikTok желілеріндегі кейбір белсенділердің, халық тілімен айтқанда, «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын» былапыт сөздерінен, адамдарды кемсітіп, ұлтаралық және әлеуметтік араздыққа итермелейтін әрекеттерінен жұртшылықтың мезі болғаны байқалады.
Әлеуметтік желі ешкімнің ар-намысын аяққа таптайтын, тұтас этностар мен әлеуметтік топтарға тіл тигізетін немесе қоғамда өшпенділік туғызатын алаңға айналмауы керек.
Соңғы кездері құқық қорғау органдарының осындай заңға қайшы әрекеттерге қатысты нақты шаралар қабылдай бастағанын қоғамның бір бөлігі қызу қолдап отыр. Мәселен, қазан айында Жамбыл облысында TikTok-та былапыт сөз қолданған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қараша айында Шымкентте осындай әрекеті үшін бір пайдаланушыға айыппұл салынып, Астанада тікелей эфирде қоғамдық тәртіпті бұзған азамат сот шешімімен жеті тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Бұл шаралар қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асырылғанын да атап өткен жөн. Ал жаңа заң жобасы цифрлық кеңістіктегі жауапкершіліктің құқықтық негіздерін одан әрі нақтылауға бағытталған.
ӨҢІРЛЕРДЕГІ КЕЗДЕСУЛЕР ҚОҒАМНЫҢ СҰРАНЫСЫН КӨРСЕТТІ
Бұл мәселе жөнінде менің жеке байқағандарыммен де бөліскім келеді.
Биыл қыркүйек-қараша айлары аралығында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жеті облысты аралап, жергілікті жұртшылықпен, азаматтық қоғам институттарының, ардагерлер кеңестерінің, аналар алқаларының, жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесудің сәті түсті.
Кездесулерде этносаралық татулықты нығайту, тілдік және этностық белгілері бойынша кемсітушіліктің алдын алу, ақпараттық қауіпсіздік пен әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас мәдениеті кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар азаматтарға құқықтық және медиаторлық консультациялар беру барысында қоғамдағы алаңдаушылықтың сипаты да айқын байқалды.
Бұрын мұндай қабылдауларға тұрғындар негізінен жеке әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерімен жүгінетін болса, осы жолғы кездесулерде қабылдауға келгендердің басым бөлігін қоғамдық сипаттағы мәселелер толғандырғаны назар аудартты.
Атап айтқанда, әлеуметтік желілердің жас ұрпақ тәрбиесіне кері ықпалы, интернеттегі өшпенділік тілі, арандатушылық әрекеттер, жалған ақпарат, қоғамдық әдептің әлсіреуі және осындай құбылыстардың алдын алу қажеттігі жиі көтерілді.
Бұл – менің өңірлік кездесулер барысында қалыптасқан жеке байқауым. Дегенмен қоғамдағы сұраныстың өзгеріп келе жатқанын көрсететін маңызды белгі деп ойлаймын.
Әсіресе Жетісу және Қызылорда облыстарындағы кездесулер есте қалды. Ардагерлер кеңесінің, аналар алқасының және басқа да азаматтық қоғам институттарының өкілдері әлеуметтік желілердегі заңсыз әрекеттерге қатысты жауапкершілікті барынша күшейту қажеттігін ашық айтты.
Тіпті қоғамда алауыздық пен өшпенділік туғызатын әрекеттер үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру сияқты аса қатаң жазаларды ұсынған азаматтар да болды.
Әрине, мұндай пікірлердің эмоциямен, жекелеген желі белсенділерінің әрекеттеріне деген ашу-ызамен айтылғаны түсінікті. Құқықтық мемлекетте қандай да бір жаза құқық бұзушылықтың сипатына, ауырлығына және заң талаптарына сай, әділ әрі мөлшерлес болуы тиіс.
Дегенмен мұндай ұсыныстардың айтылуының өзі азаматтардың қоғамдық тыныштыққа, өзара сыйластыққа және ақпараттық кеңістіктегі тәртіпке қаншалықты мән беретінін аңғартады.
Меніңше, бұл үндеулердің астарында жазаны шексіз қатайтуға деген ұмтылыстан гөрі, қоғамды арандатушылықтан қорғауға, балалардың санасын жағымсыз ықпалдан сақтауға деген шынайы алаңдаушылық жатыр.
ЖУРНАЛИСТЕР ҚАУЫМЫ ДА БҰЛ МӘСЕЛЕДЕН ШЕТ ҚАЛҒАН ЖОҚ
Биыл Республикалық журналистер клубының бес отырысы ұйымдастырылды. Солардың барлығында қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, журналистік әдепті сақтау, этностық тақырыптарды жауапкершілікпен жариялау және ақпараттық кеңістікте алауыздық туғызатын факторлардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, тамыз айында Қызылорда қаласында, сондай-ақ 12-13 қараша күндері Семей қаласында өткен клуб мүшелерінің кеңейтілген көшпелі отырыстарында ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық келісім тақырыптары кеңінен талқыланды.
Жаңа технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы, дипфейк технологияларының кең таралуы, жалған бейне және аудиоматериалдар жасау мүмкіндігінің артуы журналистерге ғана емес, әлеуметтік желілердің барлық пайдаланушыларына жаңа жауапкершілік жүктеп отыр.
Бүгінде бір ғана жалған бейне, контекстен жұлып алынған пікір немесе арандатушылық сипаттағы жарияланым қоғамда түсінбеушілік туғызып, адамдардың бір-біріне деген сеніміне сызат түсіруі мүмкін.
Сондықтан ақпараттың шынайылығын тексеру, ұлттық және этностық ерекшеліктерге құрметпен қарау, журналистік этика талаптарын сақтау, цифрлық сауаттылықты арттыру мәселелері клуб жұмысының негізгі бағыттарының біріне айналды.
Отырыстар барысында журналистер қауымы Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру жөніндегі бастамаларын қолдайтынын білдіріп, қоғамдық келісімді нығайту мен ақпараттық кеңістікті ізгілендіруге өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді.
ТӘРТІП ПЕН СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ – БІР-БІРІНЕ ҚАЙШЫ ҰҒЫМ ЕМЕС
Бұл жерде бір маңызды мәселені атап өткім келеді. Ақпараттық кеңістіктегі тәртіпті күшейту сөз бостандығын шектеумен шатастырылмауы тиіс. Негізді сын айту, қоғамдық мәселелерді көтеру, мемлекеттік органдардың жұмысына баға беру – азаматтардың заңды құқықтары.
Ал қорлау, жала жабу, өшпенділік қоздыру, әдейі жалған ақпарат тарату немесе өзгенің қадір-қасиетін аяққа таптау – мүлде басқа мәселе.
Сондықтан алдағы екі оқылымда ұсынылған нормалардың құқықтық айқындығын қамтамасыз ету, оларды біркелкі әрі әділ қолдану тетіктерін жетілдіру, азаматтардың конституциялық құқықтары мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы теңгерімді сақтау аса маңызды.
Заңның басты мақсаты біреуді жазалау ғана емес, ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай бірінші оқылымда мақұлдаған заңнамалық бастамаларды қолдаймын.
Өйткені қоғамды ізгілендіру – тек тәрбие мен насихаттың ғана емес, әділетті заңның, қоғамдық жауапкершіліктің және өзара құрмет мәдениетінің де нәтижесі.
Біз балаларымызға қандай ақпараттық ортаны қалдырамыз? Әлеуметтік желілерде қандай қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырамыз? Қоғамдағы пікір алуандығын сақтай отырып, адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қалай қорғаймыз?
Бүгін қабылданатын шешімдердің маңызын осы сұрақтарға жауап іздеу тұрғысынан бағалауымыз керек. Сөз еркіндігі – үлкен құндылық. Ал сол еркіндікті жауапкершілікпен пайдалану – өркениетті қоғамның белгісі.
Заң үстемдік құрған, өзара құрмет пен сыйластық орныққан қоғамда ғана шынайы еркіндік пен берік қоғамдық келісім қалыптасады.
Алишер Сатвалдиев, VIII шақырылымдағы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Республикалық журналистер клубының төрағасы
