Таразда қиын жасөспірімдерге арналған арнайы мектептің үш тәрбиеленушісі мекемеден қашып, ата-аналарына өздеріне көрсетілген қысым туралы айтып берген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қыздардың айтуынша, жасы үлкен тәрбиеленушілер кішілерді ұрып-соғып, ақша талап еткен және өздеріне толық бағынуға мәжбүрлеген.
«Үлкен қыздар балаларымызды секіртіп, жүгіртеді. Оларды ұрып, ақша талап етеді. Бұл бопсалау емес пе? „Анаңа хабарлас, ақша сұра“ дейді», — деді тәрбиеленушілердің бірінің анасы Татьяна Лонкина.
Ата-аналардың сөзінше, мекемеден қашқан қыздардың денесінде жарақат іздері болған. Бірінің қол сүйегі шытынаса, екіншісінің беті ісіп кеткен, ал үшіншісінің денесі көгерген.
Аналар балаларының тіпті педагогтерден де қорқатынын айтады. Олардың мәлімдеуінше, мекеме қызметкерлері болып жатқан жағдайдан хабардар болғанымен, шара қолданбаған, ал кейбірі балаларға өздері де қол көтерген.
Алайда Жамбыл облысының білім басқармасы бұл айыптауларды жоққа шығарды.
«Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу нәтижесінде тәрбиеленушілерді ұрып-соғу фактілері анықталған жоқ. Медициналық тексеру қорытындысы бойынша денсаулыққа елеулі зиян келтірген дене жарақаттары анықталмады», — деді Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы бөлімінің басшысы Еркебұлан Тәткеев.
Ал қоғам белсенділері қадағалаушы органдарды жағдайды бақылауға алуға шақырды.
«Балалардың өзін-өзі басқару жүйесі жазалау құралына айналған. Яғни бір балалардың қолымен басқа балаларды жазалаған», — деді «Мирэкл» жетім балалар мен балалар үйі түлектерін әлеуметтік бейімдеу орталығының өкілі Рауф Сабитов.
Оның айтуынша, әлімжеттік бейнебақылау камералары орнатылмаған бөлмелерде орын алуы мүмкін.
Қазіргі уақытта ата-аналар мен тәрбиеленушілердің мәлімдемелерін полиция тексеріп жатыр.
Арнайы мектепте барлығы 43 кәмелетке толмаған бала — 21 ұл және 22 қыз тәрбиеленуде. Олар Қазақстанның әртүрлі өңірінен сот шешімімен бір жыл мерзімге жіберілген.
