Ақтауда 25 маусымда Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Амфитеатр» алаңында «EDU FEST MANGYSTAU – 2025» оқу орындар жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды bairak.kz otpannews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – Маңғыстау жастарына, мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарына еліміздің жетекші жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары туралы кең, сапалы әрі қолжетімді ақпарат ұсынып, кәсіби бағдар таңдауда қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл іс-шара – оқушылар мен талапкерлердің қызығушылығы мен қабілетіне, сондай-ақ еңбек нарығының сұранысына сай мамандық пен оқу орнын саналы түрде таңдауға мүмкіндік беретін тиімді алаң болады.
«Іс-шара аясында қатысушылар жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламаларымен танысып, қабылдау шарттары, гранттар мен жеңілдіктер туралы нақты ақпарат ала алады. Сондай-ақ, мамандармен тікелей сұхбат арқылы көкейдегі сауалдарға жауап алып, кәсіби бағдарлау кеңестеріне ие болады», — деді Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Бурхандинова.
«EDU FEST MANGYSTAU–2025» жәрмеңкесіне еліміздің отыздан астам жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындары қатысады. Оның ішінде Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан , Павлодар облыстары мен Шымкент қаларындағы ЖЖО бар. Жәрмеңке нәтижесінде өңір жастарының кәсіби бағдарлу деңгейін арттыруға, білім беру ұйымдары жаңа талапкерлермен байланыс орнатуды көздейді.
Фото: Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы
