Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Ақтөбеден шыққан Олимпиада чемпионын неге ұмытып жүрміз?

Көзі қарақты жанкүйер, оның ішінде үлкендер болмаса, қазіргі жастар жағы аты аңызға айналған спортшы Валерий Люкиннің Ақтөбе қаласында туып-өскенін біле бермейді. Бүгін сол олқылықтың орынын толтыру мақсатында Ақтөбеден шығып, азулы АҚШ секілді алпауыт елді мойындатқан Валерий Викторұлы туралы жастар біліп жүрсін деген ниетпен оқырманға шағын ақпарат бере кеткенді жөн көріп отырмыз.

Валерий  Люкин – спорттық гимнастикадан екі дүркін Олимпиада чемпионы және екі дүркін күміс жүлдегері. Екі рет әлем чемпионатын жеңіп алып, екі рет қола жүлдегер атанған. Бес дүркін Еуропа чемпионы және күміс, қола жүлдегері. КСРО-ның бес дүркін абсолютті чемпионы және КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері.

«Динамо» спорт клубының (Алматы) намысын қорғаған.

1992 жылы Валерий Люкин АҚШ-қа қоныс аударып, сол жақтағы спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмысқа тұрады. Бір қызығы 1993 жылы В.Люкин Бирмингемде өткен әлем чемпионатында Қазақстан атынан сынға түскен екен. Әйелі – Анна Кочнева көркем гимнастикадан 1987 жылғы әлем чемпионы. Екеуінің қыздары – Настя Люкина 2005 жылы спорттық гимнастикадан әлем чемпионы атанса, 2008 жылы Олимпиада чемпионы болды. Бұл күнде киноға түсіп жүр.

АҚШ-қа барғаннан кейін Валерий Люкин досы Евгений Марченко екеуі халықаралық Олимпиадалық гимнастика академиясын ашып, бұл күнде әлемге танымал спорт ордасына айналдырды. Кезінде Қазақстанда бірге жаттыққан көптеген достарын шақырып, жұмысқа орналастырды. Жыл сайын өз атындағы турнир ұйымдастырып, оған келетін Қазақстан құрамасына өзі демеушілік жасап жүр. Ол ашқан академиядан басқасын айтпағанда үш бірдей Олимпиада чемпионы шыққанының өзі неге тұрады?!

Даңқты жерлесіміз біраз жылдары спорттық гимнастикадан АҚШ құрама командасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарып, командасын әлемдегі ең үздіктер қатарынан көрсете білді.

Бұл күнде Валерий Люкин АҚШ-тағы дәулетті адамдардың қатарында. Бұған ол өзінің маңдай терінің, еңбекқорлығының арқасында жеткенін ерекше айта кетуіміз керек.

Валерий Викторұлы – 1966 жылы 17 желтоқсанда Ақтөбе қаласында туған. Ақтөбедегі №30 орта мектепте оқыған. Алғашқы бапкері – Юрий Горельников. Жақында Алматы қаласында тұратын Юрий Николайұлымен телефонмен сөйлесіп, одан шәкірті  туралы айтып беруін өтіндім.

– Валера маған 1 класта келді, – деді ол. – Мен оны бір көргенде-ақ бұл баладан бірдеңе шығады дедім. Алайда, маған ешкім сенген жоқ. Себебі, ол өте кішкентай, қағілез болса да көзінде от болды. Ақтөбеде менің сөзіме ешкім сенбегесін мен оны Алматыға жібердім. Алматыда жүріп Валерий өзінің алғашқы белестерін бағындырды. КСРО құрамасына мүше болып қабылданды.

– Қазір онымен байланысып тұрасыз ба?

– Көп болды хабарласпағаныма. АҚШ-қа телефон соғу өте қымбат болғандықтан хабарласа алмай жүрмін. Онымен маған Олимпиада чемпионын шығарғаным үшін мемлекеттік жәрдем берілетін кезде, анықтама керек болып хабарластым. Валерий менің алғашқы бапкерім екенімді дәлелдеді. Қазір ай сайын жәрдемақымды алып тұрамын.

– Қай спорт мектебінде жұмыс жасайсыз?

– Мен қазір Орталық Армия әскери клубында (ЦСКА) спорттық гимнастикадан жаттықтырушы болып еңбек етемін. Ақтөбеден біржолата кетіп қалдым. Ол жақта менің шәкірттерімнен де ешкім қалған жоқ. Бәрі жан-жаққа тарап кетті. Спорттық гимнастика Ақтөбеде тек қана бір жерде, онда да үйірме ретінде қалды.

В.Люкиннің алғашқы жаттықтырушысы осылай дегенмен, қазақ спорт журналистикасының жампозы Қыдырбек Рысбек ағамның гимнастикадан қазақтан шыққан тұңғыш Кеңес одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Едіге Жаров туралы мақаласында Едіге ағамыздың Алматыда өткен бір жарыста Валерий Люкинді көріп қалып, оның болашағы зор екенің сезіп Ақтөбеге келіп, оның ата-анасынан қиылып, сұрап Алматыға алып кеткені туралы жазады. В.Люкин Едіге Жаровтың үйінде тұрып жаттығады. Қыдырбек ағамыз бұл әңгімені бапкердің өз аузынан естігендіктен осы нұсқаны дұрыс деп қабылдаймыз.

Ал енді Юрий Николайұлының әңгімесінен мен оның туған жеріне деген ренішті байқадым. Иә, шынымен де ол жұмыссыз қалып, Ақтөбеде өзінің жеке машинасымен адам тасып күн көріп, ақыры болмағасын Алматыға кетіп, бұл күнде өзінің сүйікті жұмысымен айналысып жүр.

Ақтөбеде спорттық гимнастика шынымен де бір-ақ жерде, қалалық Оқушылар сарайында бар. Ол жерде оқушылар сарайының спорттық бөлім меңгерушісі Надежда Кузнецованың жанкештілігі арқасында, онда да тек үйіме ретінде жұмыс істеп тұр. Люкин секілді әлемге танымал спортшы шыққан мектептен бар қалған жұрнақ осы.

– Спорт үйірмесі бізде 1997 жылы ашылды, – деді Надежда Алексейқызы. – Бұрын бұл жерде қалалық білім бөліміне қарасты №6 спорт мектебі болды. 1973 жылы ашылған ол спорт мектебінен атақты Валерий Люкин шыққанын бәріңіз де білесіздер. Қазір онда жүзге жуық жасөспірім спорттық гимнастикамен шұғылданады. Мен өзім осы жерде гимнастикамен айналысып, Валерамен бірге әр түрлі жарыстарға барып жүрдім. Өкінішке орай сол кезден жалғыз ғана сурет қалыпты. Бұл суретке Ақтөбе қаласының спорттық гимнастикадан құрама командасы Шымкент қаласында өткен оқушылар спартакиадасына барып, қайтар жолда түскенбіз. Валера ішіміздегі ең кішкентайымыз болды. Суретте менің қасымда отыр. Шамамен 1978 жыл болуы керек.

Оқушылар сарайында біз В.Люкиннің суреттерін қабырғаға іліп, жастарға үлгі етіп қана отырмыз. Басқа нәрселер жасауға қолымыз қысқа. Оның өзімен ешқандай арамызда байланыс жоқ.

Надежда Алексейқызы осылай деп сыр шертті. Ол кісінің әңгімесінен де кезінде дүрілдеген спорттық гимнастика секілді спорт түрінің бұл күнде Ақтөбеде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрғанына қынжылатындығын байқадық. Айтпақшы, Ақтөбедегі Олимпиада резервін даярлау орталығында көркем гимнастика бар көрінеді. Бірақ, оның өзі ақылық негізде екен. Сонда дейміз-ау Валерий Люкин секілді әлем мойындаған спортшы шыққан жерден оның ізбасарларын дайындауға неге ешкімнің құлқы жоқ? Осы кезге дейін облыс спортына жауапты тұлғалар бұл жағын неге ойламаған? Қаламызда соңғы кездері көптеген  спорттық нысандар салынып жатыр. Оның ішінде Мұз айдыны, хоккей корты, теннис орталығы секілді қымбат нысандар бар. Алайда, теннистен немесе хоккейден В.Люкин секілді Ақтөбені әлемге танытқан спортшы шыққан жоқ қой. Оның орына В.Люкин атындағы гимнастика орталығын ашқанда ғой…

Валерий Люкиннің бұл күнде туған жерімен ешқандай байланысы жоқ. Ол тіпті дүбірлетіп, жардай әлемге жар салып өткізген жерлестер форумына да келмепті. Ақтөбеде оның туғандары да қалмаған көрінеді. Анасы ертеректе Мәскеу қаласында, әкесі бертін келе осы жерде қайтыс болыпты. Ақтөбеде Владимир Кабанов деген кезінде бірге жаттыққан досы тұрады. Бірақ, онымен хабарласу мүмкін болмады.

Биыл жастар жылы деп жалаулатып жатырмыз. Міне, жастарға нағыз үлгі болатын адам! Валерий Люкинді Ақтөбеге шақырып, «Жастар жылы» аясында онымен кездесу өткізсе қандай ғанибет! Қаншама жас өрен әлем танитын адамды көзімен көріп, оған ұқсағысы келіп, спорт залының есігін ашар еді. Оның үстіне биыл Ақтөбе қаласының іргетасы қаланғанына 150 жыл толады. Оған да жерлес ретінде шақыруға болады.

Болашақта Ақтөбеде  В.Люкин атындағы халықаралық турнирлер ұйымдастырып, даңқты спортшыны кең түрде насихаттау керек секілді. Себебі, оны ресейлік спорттық басылымдар Ресей спортшысы деп көрсетіп жүр. Оны оқыған жастар шынымен де солай екен деп ойлауы мүмкін. Сол себепті оның біздің жерлесіміз екенің мақтан тұтуымыз керек.

Алдағы уақытта спорттық гимнастиканы дамытуды қайтадан қолға алса, арайлы Ақтөбеден Валерий Люкин секілді әлі талай дарынды спортшылар шығатыны сөзсіз.

 

Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,

АҚТӨБЕ

Спортпресс. кз сайты

Сәйкес жаңалықтар

ҚАРАШАНЫҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ

bairakkz

КӨШ БАСЫНДА – «АСТАНА»

bairakkz

Қазақтың лирик ақынының аттасы Мұқағали Мақатаев та өз таңдауын жасады

bairakkz