Құрлық әскерлерінің әскери институтында «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды bairak.kz.
Оған қатысу үшін оңтүстік астанаға Қырғыстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей және Беларусь пен еліміздің барлық өңірінен жас патриоттар командалары келді. 14 пен 17 жас аралығындағы 750 ұл-қыз әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп, спорттық додада бақ сынап, кіл мықтыны анықтайды.
Дәстүрге ауналған «Айбын» әскери-патриоттық жиынына Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы бойынша М.Ломоносов, Бөлек батыр және Ж.Қаипов атындағы орта мектептердің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбынан 10 ұл және 5 қыздан құралған 15 ұлан қатысып жатыр. Бұл сыныптың тәрбиеленушілеріне Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімі қамқорлық көрсетеді.
Биылғы оныншы рет ұйымдастырылып отырған халықаралық іс-шара Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған.
Жиынның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев, халық батырының қызы Айсұлу Нұрмағамбетова және шетелдік қонақтар, еліміздің әскери-патриоттық клубтары мен оқу орындарының тәрбиеленушілері қатысты.
Алқалы жиынның ресми бөлімінде қонақтар қатысушыларға сәттілік тілеп, салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды әскери-қолданбалы және тактикалық даярлау маңызды екенін атап өтті.
Елдің дамуы мен гүлденуі, оның келешегі жас ұрпаққа тікелей байланысты. Болашақ ел сарбаздарын жастайынан жауынгерлікке баулу, олардың бойына отаншылдық ерлік рухты қалыптастыру қазақстандықтардың ортақ парызы. Мемлекет басшысы былтыр бүкіл армиялық кеңесте «Жас сарбазды» ұлттық деңгейге көтеру керек екенін айтты. Осындай шара көп болса, болашақта патриот жастардың да қатары көбейетініне сенімдімін. Биылғы халықаралық деңгейде өткізіліп отырған додаға қатысушыларға зор алғысымды білдіремін, — дейді Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев.
Жастарда отансүйгіштікке тәрбиелейтін жиынның ашылу салтанаты Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, «Халық жүркгіндегі қаһарман» атауымен өткізілген көрмемен, концерттік бағдарламамен жалғасты. Сонымен қатар «генерал Сағадат Нұрмағамбетовтың әскери мұрасы және оның қазіргі заманғы маңызы» атты жаға кітаптың таныстырылымы өткізілді.
Жалпы «Айбын» халықаралық жастар жиынына бірінші рет қатысып жатырмын. Облыстық іріктеуден өтіп осындай жарысқа қатысып жатқаныма қуаныштымын. Бұл жарыста Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының намысын қорғап, жүлделі орынмен қайтамызызға сенімдімін. «Айбын» жастар жиыны арқылы өзіме көптеген елден, қалалардан достар таптым, — деді жиынға қатысушы Ұлжан Асарбай.
Алда тартысты жарыстар мен қызықты мәдени-демалыс бағдарламасы бар. Бұл апта қатысушылар үшін қарқынды болмақ. Іс-шара 22 маусымда аяқталады.