Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Алматыда IV Республикалық денсаулық сақтау басшыларының форумы өтті

Алматыда «Көшбасшылық және тұрақты даму» атты IV Республикалық денсаулық сақтау басшыларының форумы өтті. Шара елдің денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды мәселелерді талқылауға және жаңа бастамалар ұсынуға арналды.

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін басшылардың көшбасшылық қасиеттері, кадрларды даярлау сапасы, инфрақұрылымды жаңарту және жеке сектордың рөлі маңызды. Осыған орай Қазақстандық денсаулық сақтау саласы менеджерлерінің қауымдастығы жыл сайын сала мамандарына көшбасылық дағдыларын арттыруға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаң ұсыналы. Алматы менеджмент университетінде өткен форумға жетекші сарапшылар, медициналық мекемелердің басшылары мен кәсіби қауымдастық өкілдері қатысты. Іс-шара барысында еліміздің денсаулық сақтау инфрақұрылымының қазіргі жағдайы, кадрлық қамтамасыз ету мәселелері және медициналық қызметтердің сапасын арттыру жолдары кеңінен талқыланды.

Қазақстандық денсаулық сақтау саласы менеджерлерінің қауымдастығы кеңесінің төрағасы, қауымдастықтың тең құрылтайшысы, DrPH Қуаныш Ерғалиев нағыз көшбасшы жоғары моральдық-этикалық қасиеттерге ие болуы керек, өзгерістерді алдын-ала біліп, жедел түрде инновациялық шешімдерді таба білуі керек екенін атап өтті.

«Біздің миссиямыз – Қазақстанның денсаулық сақтау басшылары үшін көшбасшылық пен инновация көзі болу. Бүгінде біз жаһандық эпидемиялардан бастап климаттық өзгерістер мен әлеуметтік тұрақсыздыққа дейінгі көптеген қиындыққа толы әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл жағдайда тұрақты даму мақсаттарын назардан тыс қалдырмау өте маңызды. Олар денсаулық сақтауды жақсарту, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және қоғамның барлық саласының қажеттіліктерін қанағаттандыратын тұрақты жүйені құру үшін ұзақ мерзімді жоспарлар құруға көмектеседі. Денсаулық сақтау өзгеріске дайын және сыртқы факторларға төзімді болуы тиіс және Қазақстанда тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бізден жоғары дәрежедегі кәсібилік пен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінгі форум дәл осы қасиеттерді дамытуға арналған. Сондай-ақ әр қатысушының кәсіби дамуын қолдауға, жаңа идеялар ойлап табуға шабыттандыруға және оларды сәтті жүзеге асыру үшін тиімді әдістерді ұсынуға бағытталған», – деді Назарбаев Университеті Медицина мектебінің ассистент профессоры Қуаныш Асылханұлы.

Форум барысында Қазақстандағы ДДСҰ-ның Елдік кеңсе басшысы, Harvard University (АҚШ), King’s College London  (Ұлыбритания) сияқты беделді оқу орындарының және зерттеу мекемелерінің әлемдік деңгейдегі жетекші мамандары, сондай-ақ Германиядан келген сарапшылар баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Спикерлер денсаулық сақтау саласын жақсартуға және жаһандық контексте Денсаулық сақтау жүйесін тұрақты дамытуға ықпал ететін халықаралық тәсілдерді ұсынды.

King’s Business School, King’s College of London (Ұлыбритания) Стратегиялық адами капитал бойынша PhD профессор Дана Минбаеваның айтуынша, бас директорлар ұрпақтардың бір-бірінен айырмашылығын, саяси көзқарастарды, жаһандық проблемаларды және т.б. ескере отырып, үлкен аудиториямен тілдесе білуі керек.

«Көшбасшылар өз ұйымында ортақ көзқарас қалыптастыру үшін стратегиялық коммуникацияны ғана емес, сонымен қатар сторителлингті де меңгеруі керек. Денсаулық сақтау саласының болашағын анықтауға, әлемдік және жергілікті контексттердегі өзгерістерден хабардар болуға, макротенденцияларды ажыратып, басқалар қиындық пен кедергі деп санайтын жерден мүмкіндіктерді көруге тырысыңыз. Әлеуметтік және іскерлік құндылықтарды қалыптастыру мүмкіндіктері мен артықшылықтарын зерттеңіз, ұйымның құндылықтары мен мақсаттарына, қоғамдық міндеттерге адал болып, өсудің мүмкіндіктерін пайдаланыңыз. Мүдделі тараптардың ішкі және сыртқы желілеріне стратегиялық әсер ету дағдыларын дамытыңыз, серіктестік пен экожүйе үлгілерін қалыптастырыңыз, адамдарды қатысуға ынталандырыңыз, негізгі нәтижелерге қол жеткізу үшін олардың дағдыларын пайдаланыңыз», – деп кеңес берді ол.

Форум барысында жекеменшік клиника басшысы, хирург Олжас Шүленбаев еліміздегі кадр тапшылығы мәселесіне тоқталды.

«Денсаулық сақтау саласында 270 563 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 79 261-і дәрігерлер. Дегенмен, бұл сан ауылдық жерлердегі қажеттіліктерді өтей алмайды. Жас мамандардың үлкен клиникаларда жұмыс істеуге ұмтылуы ауылдағы медицина сапасының төмендеуіне әкеледі. Көптеген жас дәрігерлер жұмысын үлкен қалаларда бастағысы келеді, бірақ тәжірибе жинақтауға кішкентай мекемелерден бастау маңызды. Мен мансабымды аудандық ауруханадан бастадым, бұл мені шыңдады» – дейді Шүленбаев.

Сонымен қатар жиында жеке сектор мен мемлекеттің бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі талқыланды. Жеке инвестициялар арқылы ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау деңгейін көтеру мәселесі көтерілді.

Шара соңында ұтыс ойыны ойнатылып, қатысушылар Қазақстанның жетекші бизнес-мектептерінен Денсаулық сақтау саласындағы MBA магистратурасында оқуға гранттар ұтып алды.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы менеджерлеріне арналған стратегиялық жоспарлау, медициналық қызметтерді сату, аккредиттеу стандарттары, медиация және пациенттермен тиімді қарым-қатынас сияқты өзекті тақырыптар бойынша мастер-класстар өткізілді. Дәсүрлі форум қатысушыларға білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Қазақстанда медицинаны дамытудың болашақ бағыттарын талқылауға арналған бірегей платформаға айналды.

Сәйкес жаңалықтар

«Менің атым Қожа» фильмі заман талабына сай қайта түсіріліп жатыр

bairakkz

«ТАЛДЫҚОРҒАН» ТОП ЖАРДЫ

bairakkz

ӘСКЕРИ САМБОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

bairakkz