Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

Астана әуежайында дабыл: ұшақтар құстармен 5 рет соқтығысты

Фото: Pixabay.com

Астана халықаралық әуежайында әуе кемелерінің құстармен соқтығысу жағдайлары былтырғы жылмен салыстырғанда екі еседен астам азайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 11 жағдай тіркелсе, биыл мұндай 5 оқиға болған.

Әуежай мамандарының мәліметінше, құстардың белсенділігі көбіне таңғы сағат 03:00-ден 11:00-ге дейін және 15:00-ден 23:00-ге дейін артады. Осы уақыт аралығында орнитологтар аэродром мен оған іргелес аумақтарды жіті бақылап, құстардың қозғалысы мен шоғырланатын орындарын қадағалайды.

Аэродром маңында шағала, қарға, көгершін, сауысқан және күйкентай жиі кездеседі. Әсіресе күз мезгілінде шағалаларға ерекше назар аударылады. Олар көл мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны арасында топтасып ұшады. Таңертең бір бағытта қозғалып, кешке кері қайтатын құстардың тұрақты бағыттары ұшақтардың қозғалыс аймағына жақын өтуі мүмкін.

Құстарды аэродром аумағынан алыстату үшін биоакустикалық қондырғылар, механикалық үркіткіштер, шу шығаратын құрылғылар, лазерлік және оптикалық құралдар қолданылады. Сондай-ақ мобильді биоакустикалық жүйемен жабдықталған арнайы көлік пайдаланылады.

Орнитологтардың міндеті құстарды үркітумен ғана шектелмейді. Мамандар олардың қайдан ұшып келетінін, қандай бағытта қозғалатынын және белсенділігінің тәулік пен маусымға қарай қалай өзгеретінін зерттейді. Мұндай бақылау әуе кемелеріне төнуі ықтимал қауіпті алдын ала анықтап, тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Әуежай мамандары сәуірден қазанға дейінгі аралықты орнитологиялық қызмет үшін ең қарбалас кезең деп есептейді. Бұл уақытта құстардың белсенділігі едәуір артып, бақылау мен алдын алу шаралары күшейтіледі.

Сәйкес жаңалықтар

Әзербайжанда орыс тілінде оқытатын мектептер жабылады

bairakkz

135 шақырымдық ASSYL TULPAR бәйгесі өтеді

bairakkz

Шымкентте жалған бренд заттарын сатқан алаяқтар ұсталды

bairakkz