Астана прокуратурасы Qyran тұрғын үй кешенінде пәтерлерді екі рет сату фактісі бойынша қылмыстық істі сотқа жолдады.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілер – құрылыс компаниясының қызметкерлері – азаматтарды алдау мақсатында пәтерлерді екі рет сатқаны анықталды. Олар «International Invest Company IIC» ЖШС атынан пәтерлерді сату сылтауымен макеттер, техникалық паспорттар мен құжаттарды көрсеткен.
Қызметкерлер азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және тұрақ орындарын нарықтық бағадан төмен сатып алуды ұсынған. Алайда, сатып алу-сату шарттарын рәсімдеу орнына күдіктілер мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау шарттары, кепілге беру туралы келісімдер және алдын ала шарттарды жасаған.
Алданған сатып алушылар ақшаны күдіктілердің жеке шоттарына аударып немесе қолма-қол төлеген. Құрылыс компаниясының қызметкерлерінің әрекеті салдарынан келтірілген шығын 8 млрд теңгеден асты.
Сот санкциясымен жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайтын жылжымайтын және жылжымалы мүлікке тыйым салынды. Үш күдіктінің үстінен «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылса, төртіншісіне «кепіл» қолданылды.
Қылмыстық іс сотта қаралуға жолданды.
