Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Бауыр

Өткенде АҚШ-та Бейбіт Назаров жекпе-жек өткізді. Абыроймен жеңді. Қасында жүрген ағасы Ардақ өз толғанысын былайша жеткізіпті:

Бауыр! Бір ананың құрсағында жатып, бір кеудеден сүт еміп, тай-құлындай тебісіп өскен ең қымбат жан. Өмірде бауыр қымбат болады екен. Бүгін жарыс күні. Жұма намаздан келдік, «Бір сағат демалып алайық», — дедім мен. Сосын жолға шығамыз, айтпақшы мекен-жайына қарап қойшы, қанша уақытта жетеміз?» «Бір сағаттан асады, аға», — деді Бейбіт.
_
Үйден шыққан бойда ақ тұлпармен құстай ұшып, жарыс алаңына да келіп жеттік. Спортшы жігіттер бізден бұрын келген екен. Шетінен қыздырынып дайындалып жатыр. Түйенің жарты етіндей болған америкалық сары жігіт тақыр басынан аққан терге қарамай қарсы алдындағы спортшының қолын əдемілеп орауда. Бөлмеде ауа жоқ. Жүрек қысылады. Анау бұрышта басты жекпе-жекке шығатын бразилиялық жігіт алысқа зер салып жамбастап отыр екен. Тәртіп бойынша алтыншы жекпе-жекте біз шығады екенбіз. «Киімдерді ауыстырып, қыздырынайық, Бекош», — дедім. Уақыт жақындаған сайын алдымызда не күтіп тұр екен деген ой мазалай береді. Жаңа ғана Whats app  арқылы Алматыдағы үлкен ағам Қанатпен сөйлесіп: «дұға жасаңыздар, аз уақыт қалды»,  деген едім. Олар да хабардар. Тек қана мен емес, бүкіл əулетіміз уайымдап не боларын күтіп отыр. Əсіресе ауылдағы əкем мен анамызды айтсаңызшы?! Анашым, асылым біздің тілеуімізді тілеп, түнімен ұйықтамапты. Кезінде ата-бабаларымыз балаларын жауға қалай аттандырды десеңізші?!

_
«Бейбіт » дайындал сен рингке екінші болып шығасың», — деді қарсы алдымызда шашын артқа əдемілеп қайырған жарыстың комиссия мүшесі. Бауырыма көз салсам, көзі оттай жанып бейне бір қас тұлпардай тықыршып орнында тұрмайды. Тәуекел! Бəрі Алланың қолында. Сəттілік Алладан!
_
Рингке беттеп келеміз қобалжыған жүрек не болар екен дегендей кеудемді соққылайды. Көз алдымда өскен кішкентай балапандай бауырым. Бұдан да өзім шыққан жақсы екен ғой дейсің іштей. Рингке де жеттік-ау əйтеуір. Қара футболкасын шешіп маған ұстатқан Бейбітті кеудеме қысып тұрып: «Бауырым, анамыз сені еркек қылып туғаны рас болса, намысыңды беруші болма, осы есіңде болсын жарай ма», — деп арқасынан қақтым. Ал, Біссміллə!
_
Бірінші раунд. Текетірес. Қарсылас та оңай емес екен.
Екінші раундта таразы басы бізге ауды.
Үшінші раунд. Аллаға шүкір, жеңіс! Таза жеңіс! Сол сəтте бұдан асқан бақыт жоқ шығар дейсің…

Ардақ Назаровтың instagram-дағы парақшасынан.

Сәйкес жаңалықтар

БОКСТАН ЕЛ БІРІНШІЛІГІНІҢ ЧЕМПИОНДАРЫ

bairakkz

Серік Қонақбаев AIBA президенті қызметіне ұсынылды

bairakkz

Грэпплинг спортынан ҚР кубогы

bairakkz

Пікір жазу