Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарСаясат

Диқандарға несие алу рәсімі цифрландырылмақ: Үкімет қағазбастылықты қысқартады

Фото: Үкімет

Қазақстанда диқандарды қолдау тетіктерін цифрландыру жұмыстары күшейтіледі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Үкімет басшысының айтуынша, цифрлық технологиялар климаттық сын-қатерлерді болжауда, өнім көлемін нақты бағалауда, сондай-ақ өсімдіктерді зиянкестерден қорғау құралдары мен тыңайтқыштарды тиімді пайдалануда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар цифрландыру су ресурстарын оңтайлы басқаруға мүмкіндік береді.

Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі таңда шаруалар жеңілдетілген несие алу үшін қажетті анықтамаларды қағаз жүзінде тапсыруға мәжбүр. Бұл үдеріс уақытты көп алады әрі қолайсыз.

« Шаруалар осы уақытқа дейін несие алу үшін қажетті анықтамаларды қағаз түрінде тапсырып жүр. Бұл – өте қолайсыз әрі тым ұзақ. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен және Бәйтерек холдингімен бірлесіп, диқандарға тиімді әрі ашық мемлекеттік қолдау көрсету үшін жеңілдетілген несие берудің техникалық рәсімін оңайлатып, оны толық цифрлық форматқа ауыстыруды тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі вегетациялық кезеңде фермерлерді егінге қажетті сумен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдауы тиіс.

Премьер-министр диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандыру қажеттігін атап өтті. Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да күшейтіледі.

Солтүстік және шығыс өңірлердің әкімдіктеріне қар тоқтату және су қорын жинау шараларын жүргізу тапсырылды. Ал Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі егін егу мерзімдерін алдын ала жоспарлау және ауа райының өзгеруіне байланысты жедел әрекет ету үшін диқандарға метеорологиялық болжамдарды уақытылы беріп отыруы қажет.

Үкімет цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу арқылы агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттырып, шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды ашық әрі қолжетімді етуді көздеп отыр.

Сәйкес жаңалықтар

Қазақстан азық-түлік бағасы ең жылдам өсетін бес елдің қатарына кірді

bairakkz

«Астана арландары финалда

bairakkz

Қарағандыда екі полиция қызметкері азаптау әрекеттері үшін сотталды

bairakkz