Осы аптада Қазақстанның орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық өзгерістер болды.
Үкімет қаулысымен Рустам Әли Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі вице-министрі болып тағайындалды.
1984 жылы Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы «Деловая неделя» газетінде тілші болып бастаған. Әр жылдары журналистика, жастар саясаты және өңірлік басқару саласында қызмет атқарды. 2024 жылдан бері Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы болды.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты төрағасы Асламбек Мерғалиев елорда судьяларына Айдар Смағұловты Астана қалалық сотының жаңа төрағасы ретінде таныстырды. Бұған дейін ол Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі аппарат басшысының бұйрығымен Мұрат Әділханов Мемлекеттік қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ол бұған дейін Қаржы министрлігінің Ішкі сатып алу және активтер департаментінің директоры қызметін атқарған.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі аппарат басшысы Сандуғаш Ерсейітованың бұйрығымен Ернар Сейдімбек Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы болып тағайындалды. Ол әр жылдары Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Абай облыстарының, сондай-ақ Алматы қаласының әділет органдарында басшылық қызметтер атқарған.
Серік Тілемесов Абай облысы Құрылыс басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұған дейін Абай облысы Үржар ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Олжас Ысқақов Республикалық медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының жаңа басшысы болып тағайындалды. Ол бұған дейін Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Спорт саласында да кадрлық өзгеріс болды. Тәжірибелі қазақстандық маман Владимир Чебурин Атырау футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды.
Ол бапкерлік мансабында «Шахтер», «Оқжетпес», Литваның «Судува» және «Жальгирис» клубтарымен жұмыс істеп, бірнеше мәрте ел чемпионы атанған. Сонымен қатар Литвада үш рет «Жыл бапкері» атағына ие болған.
