Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін ел аумағынан шығаруға салынған тыйымды ұзартуды көздейтін бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды.
«Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін автокөлік және теміржол көлігі арқылы бензин, дизель отыны және бірқатар мұнай өнімдерін, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерге де экспорттауға тыйым салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, 2027 жылғы 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында ЕАЭО кедендік аумағынан тыс елдерге жеңіл дистилляттар, авиациялық керосин, дизель отыны, газойль, толуол, ксилол және мұнай битумын экспорттауға уақытша шектеу енгізу ұсынылған.
Министрлік мәліметінше, аталған шектеулер алты ай мерзімге белгіленеді. Алайда гуманитарлық көмек аясындағы жеткізілімдер мен Қазақстан Үкіметінің шешімі негізінде жүзеге асырылатын экспортқа бұл тыйым қолданылмайды.
Ведомствоның айтуынша, бұйрық жобасының негізгі мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету.
Құжатты қоғамдық талқылау 2026 жылғы 21 шілдеге дейін жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығының қаупі жоқ екенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, елдің Ресейге бензин экспорттауға дайын екені жөнінде де ақпарат жарияланған еді.
