Қарағандыда оқушылар қыздың намысы үшін төбелескен. Оқиға салдарынан оқушылар ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды bairak.kz.
Бұл оқиға ақпанда болған. Куәгерлердің айтуынша, 9-сыныптың екі оқушысы сыныптас қыздың суретін танысу сайтына орналастырып, оның толық жеке деректерін және телефон нөмірін жариялап жіберген. Қыз бұл туралы жоғарғы сынып оқушыларына шағымданған. 10-сынып оқушылары оған араша түсуді жөн көрген.
14 және 15 ақпанда олар 9-сынып оқушыларымен кездесіп, араларында төбелес шыққан. Төбелесте 9-сыныптың екі оқушысы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
«10-сыныптың екі оқушысы 9-сыныптың екі оқушысымен төбелесті. Олар жабылып төбелескен жоқ», – деді оқиға куәгерлері.
Қарағанды облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі өкілі мектеп оқушылары арасында төбелес болғанын растады. Ведомство мәліметінше, оқиға кешкі уақытта болған.
«Төбелес Потанин атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып және 9-сынып оқушылары арасында болған. 9-сынып оқушылары жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. 17 ақпанда мектепте осы жанжалға қатысушылармен әңгіме жүргізілді. Кеңес шешімі бойынша 10-сынып оқушылары ішкі мектептік бақылауға алынды. Мектеп әкімшілігі оқушылар арасында осындай жағдай қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылдады», – деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.
Сондай-ақ, ведомство ата-аналар мен оқушыларға қатысты қосымша шараларды қабылдау құқық қорғау органдарының құзыретінде екенін мәлімдеді.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі бұл дерек бойынша тергеу басталғанын жеткізді.
«Полиция екі кәмелетке толмаған жасөспірімге дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу барысында оқиғаға қатысушылар анықталды. Олар — 15 және 16 жастағы үш жасөспірім», – деді ведомство өкілдері.
Қазір оқушылармен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға шақырылып, полиция есебіне алынған.
«Жәбірленушілерге қажет сараптамалар тағайындалды, олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу аяқталғаннан кейін күдіктілердің ата-аналарына шаралар қабылданады. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің басшылығы бұл істі ерекше бақылауда ұстап отыр», – деп мәлімдеді Полиция департаменті өкілі.
Фото: видеодан кадр