Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

ҚАРАКӨЗДЕР ЧЕМПИОН БОЛСА ДЕЙМІН

 Спорт дейтін бекзат өнердің арқасында әлем төрінде абыройымыз асқақтап, байрақты бәсекелерде Көк туымыз желбіреуде. Ұлт намысын қорғаған білекті спортшылардың жеңісі – білікті бапкерлердің ерен еңбегі. Спортты жанына серік ете жүріп, жастардың томағасын сыпырып, дүбірлі додаларға дайындайтын білікті бапкерлердің бірі – Мерей Сүйіновпен аз-кем дидарласудың сәті түскен еді. Ендеше бекзат өнер мен бапкерлікті қатар алып жүрген ағамыздың әңгімесіне құлақ түрейік.

Әрбір адам өз бақытының ұстасы дейді. Жалпы каратэні, оның киокушинкай түрін таңдап алуыңызға не түрткі болды?  Таңдауыңыз неліктен татамиге түсті?

– Мен Қапал ауданы, Суықсай ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым осы жерде өтті. Асқар тау әкем мені былдырлаған балғын шағымнан спортқа баулыды. Әуелі ағам екеумізді таэквандоға алып барды. Ол кезде мен №19 мектепте оқитынмын. Сонда біраз жаттығып жүрдім.  Кейіннен №12 мектепте ауысты. Ол кезде мен күреске қатысатынмын. Бірде мектептің спортзалына барсам ішінде ақ киім киген балалар жаттығып жүр екен. Бұл не жаттығу, қандай спорт түрі деп сұрасам, каратэ деді. Содан спортқа қызығып, ертеңінде жаттығу залына келдім. Көбі жаңа келген балалар болғандықтан бірінші күннен өзімді жақсы көрсеттім. Себебі мен оған дейін таэквондоның әліппесін жаттап өстім. Бапкерім мені бір ай жаттығып жүрген балаларымен белдестірді. Кездесуімнің барлығында жеңіске жеттім. Соңында жаттықтырушым «жарайсың» деп арқамнан қақты. Сол сәттен бастап мен каратэмен айналыса бастадым. Күрес пен каратэні қатар алып жүргенімде әкем «екі спорттың біреуін таңда» деді. Әкем кезінде самбошы болған. Мені де осы спорттан көргісі келгені анық. Бірақ таңдауды өзіме қалдырғаннан кейін күресті емес, жаныма жақын каратэге барғаным жөн деп шештім. Міне, осы спортта жүргеніме 22 жыл болды.

Спорт әлеміндегі жетістіктеріңіз жетерлік. Жастар арасындағы халықаралық дәрежедегі «Кубок ТМД-да», «Орталық Азия чемпионатында» күміс жүлдегер  атандыңыз. Сонымен қатар, Азия және Әлем чемпионы деген атағыңыз бар. Соңғы жылдардағы табысыңыз туралы айтып өтіңізші.

– Былтыр Ресейдің Благовещенск қаласында «Амурдағы чемпиондардың шайқасы» атты каратэнің киокушинкай түрінен өткен жарыста топ жардым. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Сайысқа Ресейдің Қиыр Шығысынан Амур, Благовещенск, Биробиджана, Хабаровск, Владивосток, Завитинсктен әлемнің небір айтулы таланттары тартысқа түсті. Бәсекелестер тай боксы, ММА, каратэ, ушу-саньда және кикбоксинг түрінен титулдық белбеулерді сарапқа салды. Бір сөзбен айтқанда, Амурдың жергілікті саңлақтары жан-жақтан келген спортшылармен шеберлік байқасты. Осы додада бағым жанып, жеңіске жеттім. Сонымен қатар, Астана қаласында өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдені қанжығаладым.

Жақсы спортшыдан жақсы бапкер шықпауы мүмкін. Бұл өте күрделі және ауыр жол. Алайда, сіз дәл осы жолды таңдадыңыз. Неліктен?

– Дұрыс айтасыз, бапкер болу оңай емес. Бірақ, тер иісі аңқыған залға барып, қара терге малшынып, балғын каратэшілерді дайындау, қазақ деген асқақ рух халыққа биік шыңды бағындыратын, елінің абыройын асқақтататын һас шеберді тарту ету менің арманым. Сондықтан бапкерлікті 18 жасымнан бастадым. Әрине, алғашқы жылдары қиын болды. Нәтижелерім күрт төмендеп, жарыстардан жүлдеге ілінбей қалып жүрген кездерім де болды. Көп еңбектендім. Бірте-бірте спортты да, бапкерлікті де алып кеттім. Шүкір, қазіргі таңда төрт тобым бар. Жетісіне үш рет жаттығу жасаймыз. Шәкірттерім көбі республикалық, халықаралық жарыстардың чемпиондары.

– Бұрындары «Сити плюс» ойын-сауық кешенінде дайындалып жүргеніңізді еститінбіз. Жаңа жаттығу залына көшіпсіздер. Бұған мемлекеттен қандай да бір көмек болды ма?

– Жоқ. Жаттығу залын алғаш алғанымда ішінде ештеңе болған жоқ. Өзімізге ыңғайлап барлығын жасадық. Жарты жыл болды, жаңа спортзалда дайындалып жүрміз. Осы қарқынмен жүре берсек шәкірттерімнің арасынан талай әлем, олимпиада чемпионы шығады деп үміттенемін. Болашақта жастардан мықты спортшы шығуы үшін қолымнан келгенін аянып қалмаймын.

Балаларды жаттықтыруда өзіңіздің жеке тәсіліңіз бар ма?

Иә, әр жасқа әртүрлі қарау керек. Мәселен, ең кішкентай бүлдіршіндерді ойнатып жаттықтырамын. Одан үлкендерге қатал болуың керек. Үлкендермен өзім қатарлы адамдар сияқты барлық жаттығуды ақылдасып түсіндіремін. Балалардың психологиясы әртүрлі болады. Сондықтан бала келген кезден бастап оның мінез-құлқын жаттауың керек.

Өзіңіз тәрбиелеген спортшылардың жетістіктерін атап өтсеңіз?

Жеке-жеке айтып тоқталмай-ақ қояйын. Себебі бірін айтсам екіншісі қалып кетуі мүмкін. Жалпы республикалық, халықаралық жарыстардан топ жарып жүрген 10-15 шәкіртім бар. Былтыр балаларым әр жарыстан 136 медаль жеңіп алды. Мұның өзі үлкен жетістік.

– Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?

– 2015 жылы үйлендім. 2017 жылы тұңғышым дүниеге келді. Алла қаласа қазақтың санын көбейтеміз (күліп). Болашақта 9 ұлы, 4 қызы бар Ермахан ағамызға жетуге тырысамыз.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Ең басты жоспарым – қазақтың қарадомалақ балалары мен қаракөз қыздарынан еліміздің намысын жыртатын чемпион шығару.

 

  • Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айдар ҚАЛИЕВ

 

 

                                                        Динара УСМАНОВА ата-ана:

– Ұлымды каратэге алып келгеніме үш жыл болды. Мен оның аз ғана жыл ішінде жеткен толайым табыстарымен мақтанамын. Райым Швецарияда өткен халықаралық турнирде топ жарды. Сонымен қатар көптеген республикалық жарыстарда жеңімпаз атанды. Жеткен жетістіктердің барлығы бапкердің еңбегі. Ол ұлан-ғайыр жерін жаудан қорғап, ат үстінде аламанға түскен, белдескеннің белін майыстырған кешегі батыр бабаларымыз сынды намысты спортшылар дайындауда аянбай тер төгуде. Сонымен қатар жаңа жаттығу залы да бүлдіршіндерге бақыт сыйлап, спортқа деген құлшынысын одан әрі арттырды. Алдында «Сити плюс» ойын-сауық орталығында дайындалатынбыз. Ол жақта фитнес залы қатар болғандықтан әрине балаларға қолайсыз болды.  Мұнда барлық жағдай жасалған. Бүлдіршіндердің мықты спортшы болуы  үшін барын салып жүрген Мерей Сүйіновке алғысымды білдіремін!

 

ЖАҢА ЗАЛДАҒЫ ЖАС БУЫН

 

 

 

Сәйкес жаңалықтар

«ТАЛДЫҚОРҒАН» ТОП ЖАРДЫ

bairakkz

Эльмира Сыздықова Азия ойындарының күміс жүлдесіне ие болды

Ришат

Военнослужащий-герой из Талдыкоргана отдал свой голос на выборах

bairakkz

Пікір жазу