Астанада сотталған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, экс-премьер-министр Кәрім Мәсімовке тиесілі болған сарай Оқу-ағарту министрлігінің қарамағына өтті, деп хабарлады bairak.kz.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) Комитеттің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру туралы бұйрығына сәйкес, аталған нысан Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығына бекітілгенін растады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай шешім ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санының артуына байланысты қабылданған.
«Ел бойынша арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдарының желісін кеңейту туралы шешім қабылданды. Бас орталық Алматыда шоғырланатын болады, ал басқа өңірлерде, соның ішінде Астанада да филиалдар ашылады», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Министрлік бұл қадам біртұтас ғылыми-әдістемелік базаны құруға, ата-аналар мен балаларға қолайлы жағдай жасауға және арнайы білім беру ұйымдарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп атап өтті.
Сондай-ақ, қазіргі таңда ұлттық деңгейде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы заң дайындалып жатқаны белгілі болды.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың сәуірінде ҚАБК Астанадағы Кәрім Мәсімовтің особнягі әлеуметтік мақсаттарға пайдаланылатынын мәлімдеген болатын. Бұған дейін экс-шенеуніктің жеке заттары да сатылымға қойылған еді.
