Қазақстанның Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясының мемлекеттік аккредитациясы уақытша тоқтатылды. Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл шешім федерацияның спорттық және ұйымдастырушылық қызметіне әсер етіп отыр.
Федерация өкілдері аккредитацияның тоқтатылуын заңнамаға енгізілген өзгерістермен байланыстырады. Биыл мемлекеттік аккредитация алу үшін спорт федерацияларын Ұлттық олимпиадалық комитеттің (ҰОК) тануы міндеттелген. Алайда ММА олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына кірмейтіндіктен, федерация бұл талапты орындау мүмкін емес екенін алға тартады.
Ұйымның мәліметінше, Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі №96 бұйрығымен федерацияның аккредитациясы уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар елде жаңа ұйым – Ұлттық кәсіпқой ММА федерациясы тіркеліп, ресми танылған.
Федерация соңғы жылдары қазақстандық ММА-ның халықаралық жетістіктеріне үлес қосқанын атап өтті. Ұйымның дерегіне сүйенсек, Қазақстан құрамасы бірнеше жыл бойы Азия көшбасшыларының қатарында болып, 2025 жылдың қорытындысында IMMAF рейтингінде бірінші орынға көтерілген. Сондай-ақ Шавкат Рахмонов бастаған бірқатар танымал спортшылардың спорттық жолы осы федерациядан басталған.
Біріккен аралас жекпе-жек федерациясы IMMAF-тың ресми мүшесі екенін айтып, халықаралық ұйым бұл мәселеге байланысты Қазақстан билігіне үндеу жолдағанын жеткізді. Федерация өкілдері халықаралық талаптардың сақталуы маңызды екенін мәлімдеді.
Федерацияның бірінші вице-президенті Асылбек Дүйсеновтің айтуынша, ұйым құрылғаннан бері оның қызметіне қатысты уәкілетті органдар тарапынан ешқандай ескерту болмаған.
«Біздің федерация IMMAF-тың толыққанды мүшесі. Ұсынылған бірігу моделі халықаралық федерацияның талаптарына қайшы келеді. Егер мұндай шешім қабылданса, Қазақстан IMMAF мүшелігінен айырылып, спортшылар халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігін жоғалтуы мүмкін», – деді ол.
Ал ұлттық құраманың бас бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Баян Жанғалов бұл жағдайдың спортшыларға әсер етуі мүмкін екенін айтты.
«Халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп жүрген ұйымның бір күнде мемлекеттік аккредитациядан айырылуы бізді алаңдатады. Бұл ең алдымен спортшылар мен жаттықтырушылардың болашағына қатысты мәселе», – деді бас бапкер.
Федерация қазіргі таңда аккредитацияны тоқтату туралы шешімге қатысты сотқа жүгінгенін мәлімдеді. Ұйым бұл шешімнің күшін жоюды және қабылданған әрекеттерге құқықтық баға беруді сұрап отыр.
