Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

КӨКБАСТАУ АСПАНЫНДА ҚЫРАНДАР САМҒАДЫ

 

Көкбастау ипподромында «Саятшылық» ұлттық спорт түрлерінен «Сонар – 2018» халықаралық жарысы өтті. Бірнеше облыстан бүркіт, қаршыға, ителгілерін ала келген құсбегілер құс салудан бәсекеге түсті. Жарысқа Италия, Испания, Венгрия, Ресей, Моңғолиядан да осы өнерге ден қойғандар қатысты.

Бұл дәстүрлі жарыс түрі негізінен Еңбекшіқазақ ауданында өтіп келсе, биыл ақындар мен батырлар елінде ұйымдастырылды. «Қансонарда бүркітші шығады аңға, тастан түлкі табылар аңдығанға», деп Абай ақын жырлаған ұлтымыздың қанына сіңген көне дәстүрдің қызығына бұл жолы Жамбыл жұртшылығы батты. Ата дәстүрді ұлықтау мақсатындағы шара Тұңғыш Президент күніне арналған және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткізілді. Жылда тамыз айының соңында Ата Заң күніне орай Президент Кубогі үшін ұлттық ат спорты түрлерінен тұлпарлар додасы өтетін Көкбастау жазығына алыстан ат арытып келгендер жалпы саны 70-тен аса қыранның бабын сынады. Оның ішінде 53 бүркіт, 7 қаршыға, оннан аса ителгі Көкбастау аспанында кезек-кезек қызықталды.

Жарыстың ашылу салтанатындағы құттықтау сөздерінде облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, «Қыран» федерациясы қоғамдық қорының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы, аудан әкімі аппаратының басшысы Абзал Нұрпейісов, «Саятшылық» Ұлттық спорт түрлерінен ҚР бас жаттықтырушысы Күнтуған Базарбек қазақтың жеті қазынасының бірі қыран құсты халқымыз ежелден жанына жақын еткенін, Ұлы Дала еліндегі саятшылықтың тарихы үш мың жылға кететінін, сол дәстүрді жаңғыртып, жастарға саламатты өмір салтын насихаттап, ұлттың асыл мұрасы – құсбегілікті әлемдік деңгейге көтеруді атап өтті. Бүркітбай ақсақал көпшілікке ақ батасын берді. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданынан атбегі, құсбегі Тәттімбет Кәпұлы ат баптап, қыран ұшырған қазақы қасиет туралы рухты өлең оқыды.

Саятшылар бүркіттің томағасын сыпырып жіберіп, қоянға, түлкіге салды, қолға қондырудан шеберліктерін байқасты. Қаршығаны кептерге салып, ителгіні далбайға ойнатудан сайысқа түсті. Күтіп-бапталған қырандардың ұшқырлығы, аң-құсқа түсу ептілігі, кескін-келбеті табиғат аясында төрешілер сынына салынды. Тазы ертіп, құс салып жүргендердің киім үлгілері қараған көзді тойдырарлықтай келісті болды. Қыраны қырағылық танытқандар іріктеле келе, ақтық сында үздіктері белгілі болды. Жарыс жеңімпаздары құстың үш түрі бойынша анықталды.

Үш күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша бүркіт салудан І орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Нұғым Өмірбек жеңіп алды. II орынды Алматы облысынан Әбен Дулат, III орынды Жамбыл облысының бүркітшісі Бабажан Бақдәулет,     ІV орынды Алматы облысының азаматы Сейітжан Алмас, V орынды Түркістан облысынан Ұлан Төлемырза иеленді. Қаршыға салу бойынша бірінші орынды Жетісу өңірінің спортшысы Атығай Ерасыл жеңіп алса, екінші орынды түркістандық Махмұтхан Зәки, үшінші орынды Тараз өңірінен Бабажан Берікболсын олжалады. Ителгі бойынша бірінші орынды Алматы қаласынан Руслан Абыл иеленсе, екінші орынды Жамбыл облысынан Серікболсын Жалғасұлы, үшінші орынды Алматы облысының спортшысы Медет Шарипов қанжығасына байлады. Құсымен мерейі үстем болған жеңімпаздарға Кубоктар, Дипломдар, медальдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Жарыстың тиісті деңгейде өткізілуіне Жамбыл, Қарасай және Іле аудандарының әкімдіктері мен спорт бөлімдері атсалысты.

Сәйкес жаңалықтар

Майк ТАЙСОН: ҚҰДАЙДАН ҒАНА ҚОРҚАМЫН

bairakkz

Конфедерацияға — 5 жыл

Ришат

Ақжаулықты әжелер таңдауларын жасады

bairakkz