Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата заңға енетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды.
Аталған құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен барлық ұсыныстар негізінде әзірленген. Нұрмұхановтың айтуынша, жаңартылған Конституция жобасы Преамбуладан, 11 бөлімнен және 104 баптан тұрады. Құжатта «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізіліп, тағы төрт бөлімнің атауы өзгертілген.
Жалпы алғанда, өзгерістер мен толықтырулар Конституцияның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілген. Бұл Ата заң мәтінінің шамамен 84 пайызын құрайды.
Конституциялық комиссия мүшелерінің пікірінше, ұсынылған түзетулер құқықтық дәлдікті арттырып, тұжырымдамалық тәсілдерді жаңғыртуға және Конституция сапасын көтеруге бағытталған.
Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында пысықталуда. Мамандар Конституция нормаларын нақты әрі түсінікті жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды болдырмау бойынша ауқымды жұмыс атқарған.
Нұрмұхановтың айтуынша, ұсынылып отырған конституциялық новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздерін жаңартып, мемлекеттің институционалдық және құрылымдық дамуына зор серпін береді.
Сонымен қатар, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіледі. Президенттік басқару нысаны сақталғанымен, мемлекеттік билік жүйесінде елеулі өзгерістер көзделіп отыр. Атап айтқанда, жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіліп, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді. Сондай-ақ Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктерінің тиімділігі артады.
«Бұл өзгерістер мемлекет миссиясын, оның функциялары мен мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және азаматтар арасындағы өзара қатынастарды жаңа қырынан түсінуге жол ашады», – деді ол.
Нұрмұхановтың сөзінше, бұл бастама Конституция мазмұнының жаңарып, түбегейлі өзгеруін айқын көрсетеді.
