Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

КӨШ БАСЫНДА – «АСТАНА»

Барша әлем тағатсыздана күткен Еуропа лигасындағы топтық кезеңнің екінші ойыны өз мәресіне жетті. Дүбірлі доп додасында еліміздің намысын қорғап жүрген «Астана» өз алаңында Францияның «Ренн» командасын қабылдады.

 

 

 

 

Ойын ә дегеннен-ақ алаң иелерінің шабуылымен басталды. Төрешінің ысқырығы шалына салысымен астаналықтар қарсыластар қақпасына лап қойды. Елордалық команда ширақ қимылдап, доп ұстауы қанша басым болғанымен ойынның алғашқы бөлігінде есеп ашылмады.

Кездесудің екінші кезеңінде алаң иелері жеңістің желкенін көтеру үшін барын салды.  Осындай жүйелі шабуылдардың тізбегі өз нәтижесін берді. Кездесудің 64-ші минутында Марин Томасовтың бұрыштамадан асырған добына Бахтиор Зайнутдинов бірінші жетіп, есеп ашты. Осы голдан кейін француздық команда ес жиып,  шабуылдарын үдетіп, есепті теңестіруге ұмтылды. Қонақтардың таразы басын теңестіретін бірнеше мүмкіндіктері болғанымен бірде Ненад Эрич ерлесе, енді бірде доп қақпа бағанынан қайтты. Бас жаттықтырушы жеңісті ұстап қалу үшін қорғанысты күшейтті.  Алаңға гол соққан Бахтиор Зайнутдинов пен шабуылшы Джуниор Кабананганың орнына Янга мен Логвиненконы шығарды. Бірақ қорғаныста жамбастап жатып алған жоқ, қарымта шабуылдауға ойысты. Бұл тактика өз жемісін берді де. Ойынның соңғы минутында Марин Томасов Янганың берген пасын ұтымды пайдаланып, есепті еселеді. Осылайша «Астана» командасы үш ұпайға қол жеткізіп, «К» тобында 4 ұпаймен көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана» алғашқы турда сырт алаңда Украинаның «Динамо» командасымен 2:2 есебімен тең ойнаған болатын. Елордалық футболшылар келесі ойынын  25 қазанда сырт алаңда Чехияның «Яблонец» командасымен өткізеді.

 

Сәйкес жаңалықтар

Кореялық чемпион қыз Қазақстан азаматтығын алды: Оның жаңа есімі — Әлия

Ришат

ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ УЭЛЬС ФУТБОЛШЫЛАРЫН 3:2 ЕСЕБІМЕН ҰТТЫ

Ришат

Ақтаулық теннисші Англия турнирінің іріктеу кезеңінде жеңіске жетті

bairakkz