Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанайдағы жедел жәрдем фельдшерін ұрып-соғу оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды bairak.kz.
Министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл істің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Күні кеше Қостанайда жедел жәрдем бригадасының фельдшерлеріне шабуыл жасау фактісіне тағы да тап болдық. Шақыруға келген шұғыл қызмет маманы, жас Анель Баймурзина ұрып-соғу нәтижесінде көптеген жарақаттар алып, өзі стационарға түсті.Анель Баймурзинаның отбасына жеке қолдауымды білдіргім келеді. Оның тезірек сауығып кетуін тілеймін және бұл іс назардан тыс қалмайды, — деп жазды министр.
Әлназарова шұғыл қызметтің медицина қызметкерлері өз жұмыстарын тәуекел мен жоғары жүктеме жағдайында орындайтынын атап өтті. Олар күнделікті қиын және қауіпті жағдайларда адам өмірін аман алып қалып, көмек көрсетіп жүр.
Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес, 2019-2023 жылдар аралығында Қазақстанда қызметтік міндеттерін атқару кезінде 158 медицина қызметкері зардап шеккен. Рның ішінде 2022 жылы – 46, 2023 жылы -80, 2024 жылы -9 шабуыл тіркелген. Медицина қызметкерлерінің қызметтік борышын орындауы барысында, оларға жасалған шабуыл, зорлық — зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауаптылықты енгізуге байланысты депутаттардың қолдауына сүйендік. Мұндай әрекеттер еркіндікті шектеуге және қоғамның айыптауына дейінгі әділ жазасын алуы тиіс, — деді Ақмарал Әлназарова.
Естеріңізге сала кетейік, 19 желтоқсанда Қостанайда науқас әйелдің туыстары шақыруға келген жедел жәрдем фельдшерін ұрғаны белгілі болды. Зардап шеккен Анель Баймурзина төрт жылдан бері жедел жәрдем станциясында жұмыс істейді. Миы шайқалған, іші жарақаттанған және бірнеше жері көгерген Анель қазір ауруханада жатыр.