Маңғыстау облысының білім басқармасының тапсырысымен «Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесі Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында «Zerde+» әлеуметтік жобасын бастады.
Әлеуметтік жобаның мақсаты – ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың қоғамға бейімделуін арттыру, олардың білім алудағы шығармашылық әлеуетін пайдалану және дамыту, әлеуметтік бейімдей отыра, қоғамдық ортаға дайындау, кәсіби бағдар беру. ЕБҚ оқушылармен жұмыс жүргізетін арнайы мамандар мен дене шынықтыру, музыка, технология пәні мамандарының кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға ықпал ету, жағдай жасау.
Жобаның жетекшісі Милана Елеусинова жоба жылдың соңына дейін жүзеге асатындығын айтады. Бұл уақыттарда ерекше балалармен жұмыс жасайтын Маңғыстау облысының мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы кемінде 300 медицина және дене шынықтыру мамандары, музыка пәні, технология пәні және дене шынықтыру пәндерінің ұстаздары біліктілік арттырып, арнайы оқулардан өтепек.
Жобаның мақсатты топтарын үш топқа бөліп қарастырып отырмыз. Негізгі мақсатты тобымыз, әлбетте – дефектолог, логопед, ассистент, дене шынықтыру пәні мұғалімдері, ерекше білімді қажет ететін мектеп оқушылары және олардың ата-аналары болады. Сонымен қатар, жобаны қолдаушылар, серіктестер, мемлекеттік органдар (кеңесшілер) және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Бұл жобаны іске асыруда еріктілер мен әлеуметтік желі қолданушыларының да үлесі болмақ. Демек, жобаны барлық бағытты қоса алып жүргізуді мақсат тұтып отырмыз,- дейді жоба жетекшісі.
Әлеуметтік жоба аясында тек мамандарды оқыту курстары ғана өтіп қоймайды. Бұған қоса, ерекше балалардың өзін де жобаға қатыстыруы жоспарланған. Мәселен, жоба аясында оқушыларға арналған «Менің ерекше досым» бейнероликтер байқауы өтпек. Сонымен қатар, жоба барысында инклюзивті білім беруді енгізудің үздік тәжірибелерінің жәрмеңкесі де өтпек.
Фото: ӨКҚ