Жаратылысынан білімнің қайнар бұлағымен сусындап, спорт дейтін сиқырлы өнерді жанына серік еткен, жалпы қай салаға салсаң да, түрен салатын жан-жақты жандар айналасына қашан да ардақты. Ал күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын қазыналы Қаратал өңірінен елі үшін қызмет еткен талай дарынды тұлғалар шықты. Сондай жанның бірі –қабілет пен қасиет деген екі ұғымды ұштастырып, бар ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне, білім саласының өркендеуіне, спорт дейтін сиқырлы өнердің дамуына жұмсаған, өнегелі өмірі баршаға үлгі Мырзахан ҚОЙШЫҒҰЛОВ.
Бүгінде жетпістің асқарын бағындырған Мырзахан Ошамбайұлы 1945 жылы қазіргі Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында дүниеге келді. Ол мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ, жеңіл атлетикамен шұғылданып, түрлі марафондарда жеңістің желкенін көтереді. Оқуда озат, еңбекқор болды. Жастайынан спортпен айналысқан жан 1964 жылы Сарыөзектегі орта мектепті тамамдап, 19 жасында әскер қатарына ілігеді. Сөйтіп, Түрікменияның Қызылорват дивизиясындағы Казанджик гарнизонында Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Ол жерде де спорттан жақсы нәтижелер көрсетіп, қашықтыққа жүгіріп, талай додаларда жүлдегер атанады. Әскерден келген соң: «Әкем алғаш Түріксіб құрылған кезде Тұрар Рысқұлов, Мұхаметжан Тынышбаевтармен бірге жұмыс істеді. Адал еңбек етіп, талай биікті бағындырды емес пе?! Мен де асқар тау әкемнің жолын жалғап, теміржолда жұмыс істеймін», – деп алдына мақсат қояды. Еңбекке деген құлшынысының арқасында жігерлі жігіт жұмысқа тұрып, үлкен өмірге белсене араласады. Оның бойында үлгі тұтарлық қасиеттер көп. Сондықтан болар, әу бастан кәсібіне адалдық танытып, үлкен жауапкершілікпен қараған Мырзаханның жұмысқа деген құлшынысына жұртшылық тамсанатын. Десе де тау тұлғаның басты арманы – оқу оқып, ұстаз дейтін ұлағатты атаудың иесі болу еді. Осы арманын орындау үшін қазақтың қайсар баласы 1968 жылы Өскемен қаласына барады. Әрине, бірден оқуға түсіп кету оңай шаруа емес. Сондықтан, әуелі қорғасын-мырыш зауытына «аппаратчик» болып жұмысқа орналасады. Күн-түн демей еңбек еткен жан ортасына сыйлы болды. Білікті де білімді маман болу үшін ерінбей еңбек етіп, алға қарай ұмтылу қажет. Мырзаханның бойындағы қасиеті көрген комбинат бастығы Сәлімхат Куленов бір жылдай адал еңбек еткен іскер жанның арманын орындауға көмектеседі. Комбинаттан Өскемендегі жоғары оқу орнына түсуге жолдама береді. Сөйтіп, Мырзахан Ошанбайұлы 1969-1974 жылдары Өскемен мемлекеттік институты жаратылыстану факультетінің география-биология бөлімінде оқиды. Аталмыш білім ордасында жүрген кезінде де спортпен айналысып, түрлі жарыстарға қатысады. Сайыста жай ғана төбе көрсетіп қоймай, үнемі жүлдегерлер қатарынан көрінеді. 1971 жылы «Алға» атты студенттік құрылыс ұйымымен Лениногорск қаласындағы ағаш кесетін зауытта құрылыс жүргізіп, «Студенттер құрылысының үздігі» деген медаль алады.
Жоғары оқу орнын тамамдаған соң облысымыздағы бұрынғы «Қоржынкөл» совхозы Балқаш орта мектебіне география және тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Осы жылдан бастап ол ауылындағы білім саласының өркендеуі ғана емес, спорттың дамуына да сүбелі үлес қосып келеді. Ұлан-ғайыр жерін жаудан қорғап, ат үстінде аламанға түскен, кешегі батыр бабаларымыз сынды намысты спортшылар дайындауда аянбай тер төкті. Қайтсем де ауыл спортын дамытам деп қызмет етті. Бұл арманы орындалды да. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін сиқырлы өнерде балалардың тәрбиесіне барын салып, талай шәкірттің шамшырағын жақты. Балаларды білім мен салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеген білікті ұстаз екі жылдан кейін Қаратал ауданы, Кәлпе ауылындағы мектепке ауысады. Мұнда да қазақтың қара домалақ балаларын еңбекке баулиды. 30 баладан оқушылар өндірістік бригадасын құрып 350 центнер қант қызылшасын өндіреді. Соның арқасында облыстық комсомол комитетінен Мәскеуге жолдама алып, балаларды шетелге алып барады. 1976 жылдан бері 34 жыл табан аудармай ұстаз болады. 17 жыл директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Ауылда ұстаз бола жүріп, ауданның барлық спорттық жарыстарына қатысады. Аудандық үстел теннистен өткен додада 2-орын, шаңғы сайысынан 1-орын алады. Жеңіл атлетикадан өткен сайыста алдына жан салмайды.
Ердің атын еңбек шығарады. Өзінің ерен еңбегінің арқасында абыройлы болып, биік белестерді бағындырған Мырзахан ата 2008 жылы зейнетке шығады. Зейнетке шыққан соң да спортты жанына серік еткен жан таңертең ерте тұрып, жаттығу жасауды күнделікті әдетіне айналдырады.
- Спорт десе ішкен асымды жерге қоямын. Күнде ерте тұрып жүремін, жүгіремін, велосипед тебемін. Жүгірудің денсаулыққа пайдасы өте көп. Бұл жастарға да үлгі болса екен деймін. Бірінші күні 3-4 шақырым жүгіремін, екінші күні 5-6 шақырым жаяу жүремін, үшінші күні 7-8 шақырым велосипедпен жүремін. Келесі күні қайтадан жүгіремін. Осы әдісті айналдырып, жалғастыра беремін. Қартайдым деп спортты тастамаймын. Керісінше, жаттығу жасап, әлі талай додаларда топ жаруға тырысамын, — дейді марафоншы ата.
Мырзахан Қойшығұлов 2008 жылдан бері облысымызда өткен жеңіл атлетика жарысынан қалып көрген емес. 60-80 жас аралығында талай додаларда топ жарды. Атап айтсақ, 2000 жылы Қаратал ауданының атынан Талғар қаласында жеңіл атлетикадан өткен президенттік сынаққа қатысып 1-орынды қанжығасына байлады. Ал 2015-16 жылдары Алматы облысының атынан (60-70 жас аралығында) президенттік сынаққа қатысып, мылтық ату, найза лақтыру, суда жүзу, ұзындыққа секіру, қысқа қашықтыққа жүгіру және белтемірге тартылу сынды спорт түрлерінен сынға түсіп, жүлдегер атанып, медаль, Алғыс хаттармен марапатталады. Салауатты өмір салтын ұстанған Мырзахан Қойшығұлов жыл сайын қала күніне орай ұйымдастырылатын марафондарда жүлделі орындар иемденеді. 2017 жылы 5 шілдеде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 25 жыл толуына байланысты 5 шақырымдық марафонда топ жарады. Ардагерді ҰҚК бастығы Сәбит Құрманалиев марапаттап, диплом мен сағат берді. Дәл осы жылы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күніне орай қала тұрғындары арасында жеңіл атлетикадан жарыс болды. Бұл додада 60 жас және одан жоғары жастағы ардагерлер арасында үздік үштіктің қатарынан көрінеді. Сонымен қатар, 2018 жылы 7 мамырда Қаратал ауданы Кәлпе ауылында Қайрат Рысқұлбековты еске алуға арналған 15 шақырымдық марафонда 1-орынды олжалайды. Былтыр Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған 5 шақырымдық марафонда (60-70 жас аралығында) жүлдегер атанады. Ауған соғысы ардагерлерінің 30 жылдығына арналған 6 шақырымдық жарыста үздіктер қатарынан көрінеді. 12 мамырда Іле өзенінің жанында халықаралық «Ультра тенгри» сайысына қатысады. 30 мемлекеттің желаяқ спортшылары келген дүрмекті бәсекеде Мырзахан Ошамбайұлы 60-80 жастағы ардагерлер арасында 15 шақырымға жүгіріп, тұғырдың бірінші сатысынан көрінеді. Сайыстан соң ардагерді облыстық туризм басқармасы арнайы шақыртып, Алғыс хатпен марапаттайды. Сондай-ақ, марафоншыға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев «Спортқа сіңірген еңбегі үшін» деген медаль табыстайды.
Ардагердің ендігі мақсаты – 75 жасқа келгенде халықаралық «Ультра тенгри» жарысына қатысып, скандинавиалық жүру спортынан топ жару.
– Қазір скандинавиялық спорт түрімен шұғылданып жүрмін. Таңмен таласып тұрып жүремін. Бұйырса, алдағы жарыстарда облысымыздың намысын абыроймен қорғауға тырысамын. Менің мақсатым – бағындырған белестерімді елге жариялау емес, жастарға жүгірудің денсаулыққа пайдасы мол екенін түсіндіру. Қазақ: «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде», – дейді. – Болашақ – жастардың қолында. Сондықтан өскелең ұрпақ бос уақыттарын тиімді өткізгілері келсе, спортпен шұғылданып, жүгіру керек, – дейді Мырзахан ата.
Иә, марафоншы атаның бұл ісі көпке үлгі. Осындай аудан, облысымыздың өркендеуіне өзінің жылдар бойы жинаған тәжірибесімен қомақты үлес қосып, тынымсыз еңбек етіп, өз ғұмырын спорт саласына арнаған Мырзахан атамыздың алдағы жарыстарына да сәттілік тілейміз.