Шәкірттің санасына сәуле, жүрегіне нұр құятын ұстаз барша адамзат баласы үшін қастерлі. Сондай үлкен құрметке бөленіп жүрген, өмірін білім мен тәрбиеге арнаған жандардың бірі – Ақтау қаласындағы мамандандырылған ІТ лицейінің математика пәні мұғалімі, педагог-шебер Диханова Жүзім Сыдиыққызы.
Жүзім Сыдиыққызы үшін ұстаздық – жай мамандық емес, бала кезден қалыптасқан арманы, жүрегіне ерте қонақтап, бағыт-бағдар берген шақтан бастау алған өмірлік миссиясы. Достары дәрігер не ғарышкер болып ойнап жүргенде, ол қолына таяқшадан жасалған «борын» ұстап, тақтаға қиялдағы есептерді жазып, әлдебір сыныпқа сабақ түсіндіретін. Балалық шақтың сол бейкүнә ойындарының өзі болашақ тағдырдың алғашқы ізі екенін ол кейін түсінді.
Алайда ұстаздыққа деген шынайы ынтасын оятқан бір фактор бар еді: мектеп қабырғасында өзін білімге жетелеген, мінезімен, әдебімен, сөйлеу мәдениетімен, киім киісімен үлгі болған ұстаздар шоғыры. Олар әр сабағын мейіріммен, жауапкершілікпен, кіршіксіз сүйіспеншілікпен өткізетін. Сол өнегелі тұлғаларға қарап өскен Жүзім Сыдиыққызы ұстаз болуды армандады. Мектеп бітірер тұста бала арман мен ұстазға деген құрмет тоғысып, оны педагогикалық институтқа жетеледі. Сол шақтан бері отыз бір жыл уақыт өтті. Бірақ оның мақсатқа деген адалдығы сол қалпында.
Математика пәнін таңдауы да тегін емес.
«Нақты ғылымдардың патшасы» саналатын бұл пән адамның ойлау қабілетін шыңдайды, дәлдікке үйретеді, сөздік қорын нығайтады. «Математикада дәлелдеусіз қабылданған пікір болмайды. Мұғалімнің әр сөзі, әр қадамы салмақты болуы тиіс», – дейді ол.
Сол себепті де өзін түрлі қырымен дамытуға мүмкіндік берген осы бағытты таңдауын өмірлік дұрыс шешімім деп санайды.
Бүгінгі ұстаздың міндеті бұрынғыдан да күрделі. Тек білім беру жеткіліксіз; оқушының көңіл күйін сезу, қауіпсіздігін сақтау, дұрыс орта қалыптастыру, ынталандыру, бағыт беру – бәрі мұғалімнің жүгі. Жүзім Сыдиыққызы бұл жолда ең маңызды миссия ретінде шәкіртті шабыттандыруды атайды. «Қазіргі бала ақпаратты өзі-ақ таба алады. Бірақ ол ақпаратты дұрыс сұрыптау, терең түсіну, алға ұмтылу үшін ұстаздың демеуі ауадай қажет», – дейді тәжірибелі педагог.
Сабақ – оның шығармашылық алаңы. Ол әр сабағын XXI ғасыр талабымен ұштастырып, цифрлық платформаларды еркін қолданады. Геогебра, Desmos, интерактивті тақта, топтық жұмыстар – күнделікті тәжірибесінің бір бөлігі. Геометрияны инженерия саласына кіріктіріп, математиканы күнделікті тіршілікпен қабыстыра біледі. Ал STEAM-педагогика бойынша өткізетін сабақтары – оқушылардың ең сүйікті кезеңдерінің бірі.
Оқушының «Бұл маған не үшін керек?» деген сұрағына жауап беру үшін ол есептерді өмірмен байланыстырады: ас мәзірінен пропорция шығарады, несиеден пайыз табады, кәсіпкерлік модель арқылы функцияларды түсіндіреді. Инженер, сәулетші, экономист, IT маманының өмірінен алынған есептер оқушыны пәнге ынтықтыра түседі.
Ал оның жетістіктері – қажырлы еңбектің айқын көрінісі. 2023 жылы шәкірті Рамазан БутантаевТүркіменстанда өткен Халықаралық математикалық олимпиадада жүлделі ІІІ орын алып, ел абыройын асқақтатты. 2024 жылы өзі “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Ал биыл «Үздік педагог» атағын иеленуі – ұстаздық жолындағы дара белесі.
Жүзім Сыдиыққызы үшін бұл – соңғы межелер емес. Ол әлі де ізденуде, әлі де биікке ұмтылуда. Алдағы арманы – еліміздің атын әлем алдында танытатын дарынды жастарды тәрбиелеу, жас мамандарға жол көрсету, педагогика жолындағы қиындықтардан қаймықпай, өз кәсібіне адал болуға баулу. Сол мақсатының жолында ұстазға сәттілік серік болсын дейміз
