Сүйінші! Қазақтың қайсар баласы Арман Əшімов Санкт-Петербургте өткен M-Challenge 87 MMA тұжырымы бойынша фин спортшысы Микаэл Силандерді ұтып уақытша чемпиондық белбеуді иеленді.
Осыған орай Өңірлік коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен брифинг өтті. Шара облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Чарапиевтің алғы сөзімен бастау алды. Ол:
– 2018 жыл спортшыларымыз үшін жақсы нәтижемен басталды. Ел намысын қорғаған Арман Әшімовтің жеткен жетістігі көп. Ол джиу-джитсудан, аралас жауынгерлік жекпе-жек ММА, жекпе-жек ұлттық спортынан және кигбоксингтан спорт шебері, – дей келе, жұртшылыққа спортшының жетістігін толықтай тарқатып берді. Осыдан кейін сөзді Қазақстан ММА федерациясының президенті Анатолий Ким алып, облыстық спорт басқармасына алғысын білдіріп, Арманға алдағы уақытта да жеңістерің көп болсын деп ақ тілегін ақтарды.
Айта кетейік, Арман Әшімовтің жеңісі ағымдағы жылы М-1 Global лигасындағы басты жаңалық болды. Ол промоушн матчмейкерлері Қазақстан ММА федерациясының вице президенті Асылбек Дүйсеновтің ұсынысы бойынша шаршы алаңда шашасына шаң жұқпаған Гаджимурат Алиевті тамаша нокаутпен жеңген еді. Екінші кездесуінде бразилиялық Родриго Мелониді ұтты.