Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге Қайтпас-1 және Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алаптарына газ беруге қатысты. Тұрғын алаптары мен шағын аудандарды кезең-кезеңімен газдандыру аясында 1250-ден астам абонент табиғи газға қол жеткізді, деп хабарлайды Bairak.kz.
Бұл бағыттағы жұмыстар 5000-нан астам адамның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Тұрғын үй алаптарында газ құбырларының құрылысы өткен жылдың көктемінде басталып, олардың жалпы ұзындығы шамамен 40 шақырымды құрады.Мегаполис басшысы қала тұрғындарының қуанышына ортақтасып, жауаптыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ күнделікті өмірде табиғи газды пайдалану ережелерін сақтау және газ жабдықтарының жай-күйін уақтылы тексеру қажеттігіне тоқталды, — деп жазды әкімдік.
Айта кету керек, тұрғын алаптарын газдандыру көмірге тәуелділікті азайтып, ластаушы заттар шығарындыларының деңгейін төмендетуге және мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Газға қосылуды жеделдету үшін тұрғындар «QazaqGaz Aimaq» АҚ-на өтінімдері мен құжаттарын ұсыну қажет.
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі