Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігін сынап тастады, деп хабарлайды bairak.kz.
Мәжіліс отырысында Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы есеп берді.
«Ауыл шаруашылығының экономикалық маңыздылығы жоғары бола тұра, өкінішке қарай, жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі аз екенін көріп отырмыз, орта есеппен 5%-ға жуық», — дейді ол.
Смайылов мұның себептерін былай көрсетті: өнімділіктің төмен болуы, суармалы жер көлемін ұлғайту қарқынының баяулығы, суды тиімсіз пайдалану, көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлсіз дамуы, материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және басқалар.
Жоғары аудиторлық палата бұл салаға аудит жүргізген. Смайыловтың сөзінше, 5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінген. Осы орайда маңызды мәселелер де анықталған:
Әлихан Смайыловтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдаған.
«Олардың көбі соңына дейін жеткізілмеген. Іске асыру барысында мерзімінен бұрын күші жойылған. Басымдықтар үнемі өзгеріп отырады. Бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін құруға кедергі келтіреді. Ал бұрмаланған ведомстволық статистикалық деректер нақты бағдарларды қалыптастыруға теріс ықпалын тигізді. Нәтижесінде жекелеген нысаналы индикаторлар тым жоғары деп танылып, соңынан төмендетілген. Бірақ бұл да Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларының 40%-дан астамының табысты іске асырылуын қамтамасыз ете алмады. Субсидиялау жүйесінде де кемшіліктер бар. Субсидиялардың түрлері мен бағыттары үнемі өзгеріп отырады. Оларды ұсыну тетігі де іске асыру барысында өзгереді. 5 жылдың өзінде 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Ережелер жекелеген жағдайларда кешіктіріліп қабылданған», — деді ол.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы субсидиялау көлемі артып келе жатса да, оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілмегенін баса айтты.
«17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар, ал олардың әсері шамалы. Сонымен қатар нақты нысаналы индикаторлар айқындалмаған. Сарапшылардың бағалауы бойынша бағыттардың көптігіне байланысты субсидиялардың бірқатары 2 есе аз қаржыландырылады. Көп жағдайда субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылады. Субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді. Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес. Мұндай жағдайларда субсидиялаудың тиімділігі туралы айтудың өзі де қиын», — дейді ол.