Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

СЫРДАРИЯДАҒЫ САЙЫС

Сыр өңірінде Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында «Қызылорда облысы әкімінің кубогы» атты турнир өтті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 14 команда қатысты.

Шараның шымылдығы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің алғысөзімен түрілді. Ол – айтулы мерекемен құттықтай келе, журналистерге шығармашылық табыс тілеп, жарысты ашық деп жариялады. Өз кезегінде сөз алған Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ақжарма тілегін ақтарды.

Жарысқа қатысып отырған он төрт команда жеребе бойынша үш топқа бөлініп, өз тобынан үздік шығу үшін ойындарын бастап кетті. Алғашқы кезеңнен-ақ қаламгерлер бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетті. Кәсіби футболшылардай ұйымдастырылған жүйелі шабуылдар, жоғары дәрежеде өткен бәсеке жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. Әсіресе, ақтық сында өнер көрсеткен шымкенттік «Ерниаз медиа» мен Тараздан келген «Тараз-пресс» командаларының ойыны тартысты өтті. Бір-бірінің қорғанысынан саңылау іздеп, ұрымтал тұста мүлт кетпейтін қос команда бұл ойында асқан техника мен шеберлік тактикасын ортаға салып, жиналған жұрттың таңдайын қақтырды. Қос команда шағын футболдың озық үлгісін көрсетіп, жеңімпазды тек ойын соңындағы айып доптан анықтады.

Турнирдің қорытындысы бойынша бас жүлдені шымкенттік «Ерниаз медиа» командасы жеңіп, 600 мың теңгенің сертификатын иеленсе, тұғырдың екінші сатысынан көрінген «Тараз-пресс» командасы 400 мың теңгенің сертификатын қанжығасына байлады. Астанадан келген «Хабар» командасы үздік үштіктің қатарынан көрініп, 200 мың теңгенің сертификатын иеленді. Сонымен қатар, үздік ойыншылар да марапаттан тыс қалмады. Атап айтсақ, әріптесіміз, «Jetisy BAQ» командасының қақпашысы Ришад Тұрғанбаев «Үздік қақпашы» атанса, «Үздік сұрмерген» номинациясы алматылық «Апорт» командасының шабуылшысы Әлішер Келгенбайға бұйырды. Турнирдің «Үздік ойыншысы» номинациясын Түркістаннан келген «Рейтинг» командасының капитаны Арай Есенбек жеңіп алды.

Сәйкес жаңалықтар

#САЙЛАУ2023

bairakkz

РИМДЕГІ СЕНСАЦИЯ

bairakkz

Бизнесіңізді қолдау үшін 5 миллион теңге жеңіп алыңыз

bairakkz

Пікір жазу